Бүгін, 5 қаңтарда республикалық «Егемен Қазақстан» мемлекеттік басылымында президент Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыпта көлемді мақаласын жариялады. Онда елдегі жағдай, тарих, жастар және болашақ бағдар туралы пікірі топтастырылған.
Мақалада Тоқаев танымындағы егемендіктің үш тағанының бірі – жер (тіл және бірлік) тақырыбы туралы ой қозғалған. Тәуелсіздік күні қарсаңындағы Ресей депутаттарының Қазақстан жері туралы даулы пікірлеріне жауап түрінде шекара жөнінде «ешкім дауласа алмайтынын» айтады.
«Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», – деген ол шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен белгілеу кейіннен қалыптасқанын ескертеді.
Ілгеріде қазіргідей делимитация, демаркация ұғымдары болмағанынын айтады. Президенттің пікірінше, «тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек».
«...Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», – дейді ол.