Коронавирустың мутацияға ұшыраған түрінің тез таралуына байланысты Ұлыбританияда жалпыұлттық локдаун енгізілді. Кеше Ұлыбританияда 60 мыңға жуық коронавирус жағдайы тіркеліп, вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші пандемия басталғалы рекордтық көрсеткішке жеткен. Жетінші күн қатарынан күн сайын 50 мыңдай адам індеттің ілмегіне ілінсе, соңғы тәуліктің өзінде 407 науқас COVID-19-дың құрбаны болған.
Жаңа заң бойынша бүгіннен бастап жергілікті халық жаңа тәртіпке бағынулары керек. Азық-түлік өнімдерін сатып алуға, спортпен айналысуға ғана сыртқа шығуға рұқсат етіледі. Басқа уақытта үйде отыру міндеттеледі. Барлық мектептер мен колледждер онлайн-оқуға көшеді.
Осыған байланысты мәлімдеме жасаған Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон: «Бір анығы вакцина толық егілмейінше, біз біріге отырып, әрекет етуіміз керек. Сондықтан Англияда жалпыұлттық қатаң локдаун жариялауға мәжбүрміз. Сол кезде ғана вирустың жаңа түрін тоқтата аламыз», – дейді.
Премьер-министрдің пікірінше, коронавирустың мутацияға ұшыраған түрі өте жылдам тарап келеді. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі науқастарға ем-дом көрсетіп үлгермей жатыр. Алдағы 21 күн ішінде кейбір аймақтардағы ауруханаларда бос орындар болмауы мүмкін. Англияда соңғы аптаның өзінде емделіп жатқан науқастардың саны үш есеге артқан. Бұл сәуірде болған бірінші толқынмен салыстырғанда 40 %-ға көп. Қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын YouGov компаниясының мәліметінше, британиялықтардың 79 %-ы жаңа локдаунды қолдайды.
Желтоқсанның аяғында Ұлыбританияда шыққан коронавирустың өзгерген жаңа түрі Нидерланд, Дания және Австралияда да тіркелді. Мәліметтер бойынша, вирустың жаңа штамы адамдар арасында 70%-ға тез тарайды. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен ерекшеленбейді. Англияның бас дәрігері, профессор Крис Уитти Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ескерту жібергенін және шұғыл зерттеу жасалып жатқанын жеткізді. Вирустың басқа мутациясының табылғанын Оңтүстік Африка Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі де хабарлады. Оның да таралу қарқыны жоғары.
Бұл хабардан кейін 20-дан астам мемлекет Ұлыбританиямен әуе байланысын уақытша тоқтатты. Олардың қатарында Канада, Еуропаныңбірөатар елдері және Латын Америкасы бар. Сонымен қатар Франция барыс-келістің барлық түріне, ал Бельгия Ұлыбританиямен теміржол қатынасына тыйым салды. Бұдан бөлек, Нидерланд су жолын жабатынын ескертті.
20 желтоқсанда Ұлыбритания Англияның оңтүстік-батысы мен Лондонда төртінші деңгейлі локдаун енгізген. Қатаңдатылған карантин кезінде Рождество мерекесіне байланысты қоғамдық іс-шараларға рұқсат жоқ. Мейрамханалар мен дәмханалар ашылмайды. Тұрғындарға үйден себепсіз шығуға тыйым салынған.