Алматы қаласындағы коронавирус таралуы күшейе бастады.

Бүгін, 24 желтоқсан күні Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында осы айда ахуал қиындағанын растады. Маманның айтуынша, күздің басында коронавирус жұқтырғандардың саны төмендеген. Алайда қазан айынан бастап қайта өскен.

 «Індет бойынша Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайының өрбуі алдын ала болжамдаған мөлшерге сәйкес келіп отыр: желтоқсан айында 1 аптада – 420, 2 аптада – 460, 3 аптада – 510, 4 аптада – 560 жағдай. Айдың қорытындысы 1900-ға және пессимистік бағытта жүрсе 2200 жағдайға жетуі мүмкін», – деді Жандарбек Бекшин.

Қазанда – 366 жағдай, қарашада – 1399 жағдай және желтоқсан айында әзірге 1635 жағдай анықталған. 18 мыңға жуық науқастың 16 мыңнан астамы айғып шыққан. Өкінішке қарай, 370 адам  аурудан қайтыс болған.

«Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға келетін болсақ, бүгін күрделі күйде. Жыл басынан бері 17 790 адам коронавирус жұқтырған, сондай-ақ тамыз айынан бастап есепке алынған этиологиясы анықталмаған пневмонияның 1349 жағдайы тіркелді»,– деді ол.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3465-і (КВИ+ / U07.1 – 2218, КВИ- / U07.2 – 483, ілеспе аурулардан – 764) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 764 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Әзірге вирус таралу қатері жағынан Атырау облысы – қызыл аймақта, астана мен Алматы қаласы, СҚО, БҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірлері – сары аймақта тұр.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 49-шы орында тұр.

"The Qazaq Times"