Осы апта АҚШ-тың Сенаты мен Өкілдер палатасы 2021 қаржы жылына арналған Ұлттық қорғанысты авторизациялау туралы заңын қабылдады. Жаңа заң жобасының көптеген тармақтары Қытайға қатысты, әсіресе «Тынық мұхиттағы тежеу жоспары» сарапшылар үшін барынша қызықты тақырып болды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тежеу жоспары Қытайды қалай барынша тиімді тежеуге және АҚШ-тың Азиядағы қораныс қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Тынық мұхитында Қытайды тежеуге мүмкіндік беретін заң жобасы АҚШ-тың Сенатында да, Өкілдер палатасында да басым көп дауыспен қабылдануы назар аударуға тұрарлық. Жаңа заңмен 2021 жылы АҚШ қорғаныс бюджеті 740,5 млрд доллар болып бекітілді. Бұл қаражат әскери жалақыдан тартып, қару-жарақ сатып алу, өзге де қажетті аспектілерді қамтиды. Ең маңыздысы, Қытайды тежеудің маңызды бөлегі ретінде, аталған заң жаңа «Тынық мұхитындағы тосқауыл бағдарламасын» бастайды.  Үнді-Тынық мұхиты аймағында АҚШ-тың тежеу мүмкіндігі мен қорғаныс жағдайын нығайту, одақтастармен ынтымақтастықты тереңдету үшін 2021 қаржы жылы бұл жобаға 2,2 миллиард доллар бөледі.

2,2 млрд АҚШ доллары бұл аймақтағы жағдайды түбегейлі өзгертіп жібермейтіні анық. Дегенмен, жаңа «Тынық мұхиттағы тосқауыл бағдарламасы» ең алдымен Қытайға, содан кейін қандай да бір ықтимал қатерлерге және аймақтағы АҚШ одақтастарына күшті сигнал берумен тең. Яғни, АҚШ өзінің аталған аймақтағы мүддесін қорғауға белсенді кірісетінін көрсетеді. Бұны сондай-ақ, АҚШ-тың Азияға қатысты соңғы жылдардағы ең маңызды заң актісі қатарында бағалауға болады. Демек, АҚШ Азиядағы стратегиясын өзгертуде. Құрама Штаттардың Азия-Тынық мұхит аймағына баса назар аударуы ұзаққа жалғасуы да мүмкін.

 

“The Qazaq Times”