Дүйсенбі, 14 желтоқсанда таңертең Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына он шақты адам жиналды. Олар жексенбі қамалған белсенділер туралы ақпарат беруді талап етіп, 16 желтоқсанда Жаңаөзен құрбандарын еске алу үшін орталық алаңға жиналып, құран бағыштайтынын ескертті.

Демалыс күні, желтоқсанның 13-і Жаңаөзеннің екі белсендісі Мұратбай Жұмағалиев пен Нұржан Әреновтің 7 күнге қамалғаны туралы ақпарат тараған. Бүгін әкімдік алдына жиналған адамдар «оларды не үшін қамады, билік түсіндірсін!» деп талап етті.

Әкімдіктен Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов және қала прокуроры Ермек Елубаев шықты. Олар «екі белсендінің халықты митингіге шақырып, заңға қайшы әрекет жасағаны» анықталғаннан кейін Әкімшілік кодекстің 488-бап 7-тармағы бойынша іс қозғалғанын айтты. Іле-шала сот олардың әрқайсысын 7 тәулікке қамаған. Олардың айтуынша, Жаңаөзендегі изоляторларда орын болмағандықтан Жұмағалиев – Ақтау қаласына, Әренов Түпқараған ауданының изоляторына қамалған. Жергілікті халық мұнымен келіспейді.

«Әруақтарымызға құран бағыштағымыз келеді. Неге екені Алматы мен астанада желтоқсаншыларға рұқсат беріп отыр, Жаңаөзенде басқаша» дейді белсендінің бірі.

Оқиға орнынан хабар таратқан Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюросының Атырау облыстық филиалының төрайымы Әсел Нұрғазиева редакцияға өңірдегі үшінші белсендінің ұсталғанын хабарлады.

– Бізге кезінде Жаңаөзен оқиғасында жараланған, қазіргі Демпартияның Маңғыстаудағы өкілі Нұрлыбек Нұрғалиевтің қамауға алынғаны жайлы хабар келді. Жиналғандардың бірінші талабы – белсенділердің қамалу себебін сұрау, екіншісі – тәуелсіздік құрбандарын еске алу, құран бағыштау, гүл шоқтарын қоюға жарты сағатқа рұқсат беру. Азаматтар екінші талап бойынша бейбіт басқосуға арыз жазып тапсырды, – дейді құқық қорғаушы Нұрғазиева.

Сондай-ақ, ол Жаңаөзеннен өзге аймақтарда Атырауда жыл сайын еске алу іс-шарасын өткізуге кедергі жоғын айтады.

Жиналғандар әкімдік пен прокуратура өкілдерін 16 желтоқсанда алаңға келіп, Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алып, құран бағыштамақ ниетімен құлағдар етті.

16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Мемлекеттік арнаулы дата болып белгіленген күнді қазақстандықтар жармақ күйде өткізеді. Қаралы күн ретінде аза тұтса, бір жағы мерекелік көңіл-күйде атап өтіледі. 1986 жылғы Мәскеу пәрменімен басшылыққа келген Геннадий Колбинге қарсы қазақ жастарының бас көтерісі жаппай қудалаумен және 2011 жылғы бірнеше айға созылған еңбек дауының соңы полицияның мұнайшыларға оқ атуымен аяқталған. Биліктің ресми мәліметінше, «Жаңаөзен оқиғасы» кезінде 17 адам көз жұмған. Ал құқық қорғаушылар егемен тұста қара таңбамен қалған құпиясы қалың оқиғадан зардап шегіп, қайтыс болғандар әлдеқайда көп деп есептейді.

"The Qazaq Times"