The Guardian басылымының хабарлауынша, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мен Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйен Брюссельдегі кездесуде ортақ мәмілеге келе алмады.
Тараптар мәселеге қатысты ашық пікір алмасқанына қарамастан қайшылықтар көп. Сондықтан Лондон мен Брюссель алдағы күндері келіссөзді жалғастыруға келісті. Соңғы шешім 13 желтоқсанда қабылдануы керек.
Негізінен Брюссель мен Лондон арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар туралы келіссөздер 15-16 қазанда ЕО саммитінде бекітілуі керек еді. Алайда, Брюссель мен Лондон кезекті мәрте ортақ келісімге келе алмады. Еуропалық Кеңестің басшысы Чарльз Мишельдің айтуынша, саммитте Ұлыбританиямен серіктестік туралы келісімге нүкте қойылуы тиіс. Сонымен қатар, ол қоғамдастықтың кейбір елдері «келісімсіз» сценарийге дайын болуы керектігін ескертті.
Ұлыбритания 2020 жылы 1 ақпанға қараған түні Еуропалық одақ құрамынан шықты. Брюссель мен Лондон осы жылдың соңына дейінгі өтпелі кезең туралы уағдаласқан. Оның барысында Біріккен Корольдікке бірыңғай еуропалық нарық қағидалары бойынша сауданы жүзеге асыруды қоса алғанда, барлық еуропалық нормалар қолданылады. Британ үкіметі ЕО-мен болашақ байланыстардың форматы туралы уағдаласып, еркін сауда туралы келісім жасасуы тиіс.
2019 жылы Ұлыбритания мен ЕО сауда көлемі шамамен $900 млрд. болған. Егер тараптар бұл жолы да келісімге келе алмаса, 31 желтоқсаннан бастап барлық баждар мен квоталарды қолданып, Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері бойынша сауда жасай бастайды.