Еуропалық одақ вакцинацияның цифрлық сертификатын ресми түрде бекітті. COVID-тің цифрлық сертификаты туралы ЕО Регламенті евроинституттар арасында рекордты 62 күн ішінде келісілді.
Осы аптада Еуропалық одақтағы үш институттың – Еуропалық парламенттің, одақтың және Еурокомиссияның басшылары вакцинацияның цифрлық сертификаты туралы ЕО Регламентіне ресми қол қою шарасына қатысқан. Жиында Урсула фон дер Ляйен: «COVID-19-ға қарсы вакцинацияның цифрлық сертификаты Еуропа қуаттап отырған дүниенің нышаны саналады. Біздің Одақ бірлескен жағдайда жақсы жұмыс істейтінін тағы бір мәрте көрсетті. Біз заңнамалық процеспен жұмыс істеп жатқан уақытта, бір мезгілде жүйенің техникалық негізін – ЕО тұрғындарын вакциналаудың арнайы порталын жасадық. Ол 1 маусымнан бастап күшіне енеді», – деді.
Бүгінге дейін COVІD-құжатты одақтың 7 мемлекеті бере бастаған. Төлқұжат цифрлық түрде немесе қағаз жүзінде беріледі. Қазірге дейін 1 миллионнан астам адам вакцина салдырғаны жайлы цифрлық құжат алған. Еурокомиссия өзге елдермен электрондық жүйенің еуропалық цифрлық сертификаттармен сәйкестігін белгілеу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Тесттер Еуроодақ азаматтарының шекараны кедергісіз кесіп өтуі үшін қажет. Осы мақсатта ЕО тағы 100 млн еуро бөлмек.
Жаппай вакцинациялау басталған Еуроодақ елдері «COVID-төлқұжат» енгізу мәселесін бірнеше ай бұрын талқыға алған. Вакцина қабылдады деген құжатты енгізуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қарсылық білдіргенмен, Еуроодақ елдері төлқұжат қажет дейді.