Бүгін 9 желтоқсанда «Верный капитал» компаниялар тобы БТА банк Болат Өтемұратовтың үстінен түсірген шағымын қайтып алуға келісті деп хабарлады. «Осы келісім бойынша ағылшын сотының Өтемұратов активтерін бұғаттау туралы бұйрығының күші жойылды» деді компания өкілдері. Компания хабарламасы Informburo сайтында жарияланды.
Өткен аптада Ұлыбритания соты БТА банк шағымы негізінде Өтемұратовтың активтерін бұғаттаған. Ақпарат бойынша, «БТА» бизнесменді басқалармен бірге банктен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті деп айыптаған.
Осы сәрсенбіде жарияланған «Верный капитал» мәлімдемесінде Болат Өтемұратов пен БТА банк өкілдері арасында құпия келісім жасалғаны, банктің сотқа түсірген шағымын қайтаруға келіскені жазылған. Онда жауапкер жақтың Өтемұратов пен онымен байланысты адамдардың «банк ақшасын ұрлау ісіне қатысы жоқтығын дәлелдейтін» құжаттарды көрсетуге уәде бергені және келісім жасалғанға дейін кейбір құжаттардың берілгені жазылған.
Осыған дейін «Верный капитал» мәлімдеме таратып, бұғаттау туралы сот шешімі «жалған құжаттар негізінде шығарылды, сот шешімін апелляцияға бердік» деп хабарлаған.
Азаттық радиосының хабарлауынша, «Өтемұратов активтерінің бұғаттан босатылғаны» жайлы ақпаратты «Верный капиталдан» басқа әзірге ешкім таратқан жоқ.
WSJ газетінің дерегіне қарағанда, ағылшын азаматтық соты 13 қараша күні Өтемұратовқа тиесілі бірнеше еуропалық қаржы банктеріндегі қаражатты, жартылай иелік ететін Ritz-Carlton қонақүйлерінің үш қаладағы (Мәскеу, Вена және Қазақстан астанасы) компанияларын, сондай-ақ ұлы екеуі қожалық ететін Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасын бұғаттауға шешім шығарған.
Өтемұратов 2006-2008 жылдары сол кездегі президент Назарбаевтың іс басқарушысы қызметін атқарған, кейін оның штаттан тыс кеңесшісі міндетін атқарған. Қазақстандық Forbes-тің былтырғы рейтингінде Болат Өтемұратовтың жиған-тергені мен мүлкі $2,07 млрд көлемінде бағаланған. Америкалық басылымның мәліметінше, қазір 62 жастағы Өтемұратов 2,9 миллиард доллар байлығымен әлемнің ең ауқатты адамдарының қатарында 764-орында тұр. Дегенмен бизнесменнің өкілі Әбдірахманова оның капиталының шынайы құны 3,2 миллиард доллар екенін айтты деп жазады WSJ. Олигархтың тау-кен металлургия, мұнай-газ және телекоммуникация салаларындағы, сонымен қоса қаржылық қызметтер, жылжымайтын мүлік, медиа секторда активтері бар.