Америкалық The Wall Street Journal басылымы Ұлыбритания соты БТА банкінің шағымы негізінде қазақстандық ірі кәсіпкер Болат Өтемұратов пен шетелде тұратын Мұхтар Әблязов және Ілияс Хрпануовтың активтерін бұғаттағанын хабарлады.
Бұғат «БТА банк» ісі бойынша қойылған. Өтемұратов туралы дерек сегіз жылдан астам уақытқа созылған істегі жаңа факті болуымен көптің назарын күшейтті.
Бұғатталған активтің бірі және олигархтың иелігіндегі «Верный капитал» компаниясы дүйсенбі күні «жалған құжаттарға негізінде айыпталып отырғанын» мәлімдеген. Бизнесменнің заңгерлері оның Әблязовтың пайдасына қаржы жымқыруға қатысы жоқтығын дәлелдеуге ниетті.
WSJ газетінің дерегіне қарағанда, ағылшын азаматтық соты 13 қараша күні Өтемұратовқа тиесілі бірнеше еуропалық қаржы банктеріндегі қаражатты, жартылай иелік ететін Ritz-Carlton қонақүйлерінің үш қаладағы (Мәскеу, Вена және Қазақстан астанасы) компанияларын, сондай-ақ ұлы екеуі қожалық ететін Burger King фастфуд мейрамханалар желісінің қазақстандық франшизасын бұғаттауға шешім шығарған.
Қазір мемлекет ықпалындағы «БТА банк» АҚ-ның шағымы бойынша (банктің бүгінгі жетекшісі Шуртабаева Ақмарал Тулаевна – QT) британ сотында көптен бері қаралып жатқан істе экс-басшы Мұхтар Әблязов пен оның күйеу баласы Ілияс Храпуновпен қоса олигарх Болат Өтемұратов та жауапкер ретінде шақыртылған. Жүйе өзін «№1 жау» санайды деп есептейтін Әблязов бұл айыптауды «фантастикаға» балайды.
«БТА-ның» Өтемұратовқа бет бұруы – Қазақстанның іскерлік және саяси ортасындағы ықпалды ойыншылар қатысып жатқан істегі жаңа өзгеріс» деп жазады бұл жөнінде WSJ.
Өтемұратов 2006-2008 жылдары сол кездегі президент Назарбаевтың іс басқарушысы қызметін атқарған, кейін оның штаттан тыс кеңесшісі міндетін атқарған.
Қазақстандық Forbes-тің ең соңғы рейтингінде Болат Өтемұратовтың жиған-тергені мен мүлкі $2,8 млрд көлемінде бағаланған. Америкалық басылымның мәліметі бойынша, қазір 62 жастағы Өтемұратов 2,9 миллиард доллар байлығымен әлемнің ең ауқатты адамдарының қатарында 764-орында тұр. Дегенмен бизнесменнің өкілі Әбдірахманова оның капиталының шынайы құны 3,2 миллиард доллар екенін айтты деп жазады WSJ.
Олигархтың тау-кен металлургия, мұнай-газ және телекоммуникация салаларындағы, сонымен қоса қаржылық қызметтер, жылжымайтын мүлік, медиа секторда активтері бар.