Бұған дейін ақпарат құралдарында хабарланғандай, Иранның «ядролық қаруының атасы» аталған Мохсен Фахризаденнің өліміне Теһран билігі Израильді айыптап, бұл іс үшін кек алатындарын айтқан еді. Кеше Иран қызметі Фахризаденге Израиль тарабы «алыстан басқарылатын құрал» арқылы қастандық жасады деп мәлімдеді.

Иран арнайы қызметінің жетекшісі Али Шамханидың айтуынша, қастандық жасаушылар «электронды жабдықтарды пайдаланған» екен. Ол сондай-ақ, Иран жаулары бұған ертеден өте мұқият дайындалған деген пікірін айтты.

Дегенмен, Теһран билігі Фахризаденнің өлімі жайында қарама-қайшы мәлімдемелер де жасады. Жергілікті басылымдардың хабарларында, ғалымның көлігіне оқ жаудырылған және ол ауыр жарақат алып, емханада жан тапсырған. Ақпарат құралдарына тараған көліктің суретінен де оқ іздерін анық көруге болады. Теһран билігі алдымен ғалымның оққағарлары мен шабуыл жасаушылар арасында оқ атыстың болғанын айтқан болатын. Алайда, бір күннен кейін ирандық ресми БАҚ Фахризанденге «алыстан басқарылатын» немесе «спутниг арқылы басқарылатын аппаратпен шабуыл жасалғаны» туралы хабарлап жатты.

Иран президенті Хасан Рухани теле-жолдауында Фахризаденнің өліміне еврей билігін айыптаса, рухани көсемі Хоменей қастандық ұымдастырушыларды тауып жазаға тартуға тапсырма берді. Бұған қарсы Израиль тарабы ресми жауап қатқан жоқ.

Жалпы, бұл Иранның ядролық бағдарламасына қатысты тұлғаларға жасалған алғашқы шабуыл емес. 2010-2012 жылдар арасында Иран ядролық бағдарламасының төрт бірдей маманы қолды болған еді. Онда да Теһран Тел-Авивті айыптаған, бірақ нақты дәлел көрсете алмаған.

Қалай болмасын, Мохсен Фахризаденттің өлімі Иран арнайы қызметі үшін үлкен соққы деуге болады. BBC-дің парсы тіліндегі қызметі болса Фахризаденнің өлімі Иран арнайы қызметінің ішінде Батыс пен Израильге жұмыс істейтін адамдардың болуы ықтимал екенін көрсетті деген болжам жасады. Айтуларынша, ядролық бағдарламаны жасаушы маманды сондай жансыздар ұйымдастырған болуы мүмкін.

“The Qazaq Times”