Heritage Foundation орталығы (Ұлттық қорғаныс саясатын зерттеу орталығы) АҚШ-тың қорғаныс қуаты турасында жаңа есебін жария етті. Онда АҚШ әскери күштері кейбір маңызды салаларда дами түскенімен, жалпы әскери қуаты елдің ұлттық мүдделерінің қауіпсіздігін әрең қамтамасыз етіп тұрғаны айтылған. Айталық, АҚШ армиясы қазіргі бір уақытта ауқымды екі аймақта болған төтенше жағдайды жеңуге дайын емес деп көрсеткен.
Кеше, 17 қарашада күні жариялаған есеп «АҚШ әскери күш индексі–2021» деп аталады. Онда АҚШ-тың қорғаныс саласындағы қиындықтары барған сайын өсіп келе жатқаны айтылған. «Қазір АҚШ-тың көне одақтастары бұрынғыдай емес, қорғаныс қаражаттары жыл сайын өсіп келеді, бұлар Құрама Штаттардың өз мүддесіне сай әскери қуатын сақтап тұруға үлкен қиындық тудырған», – дейді аталған мәліметте. Аталған есепте қаралған мәселелерді тақырыптарды үш үлкен бағытқа бөлуге болады.
АҚШ мүдделеріне төнетін қауіптер
Есепте, былтырғыға ұқсас АҚШ-қа төнетін негізгі қауіптер қатарында Ресей, Қытай, Иран, Орта Шығыс және Ауғанстандағы террорлық ұйымдарды атаған. Бұл елдерде АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қарсы әрекет ететін мінез-құлық пен әрекет ету мүмкіндігі бар деп саналады. Дегенмен, бұл елдердің бәрі де АҚШ мүддесіне тікелей қауіп қатарында қарастырылмайды, көбі ықтимал қатерлер негізінде көрсетіледі.
Есепте қауіптілік деңгейін «төмен», «маңызды», «орташа», «салмақты» және «ауыр» қатарлы 5 деңгейге бөліп қарастырады. Сол тұрғыдан алғанда АҚШ-тың түбірлі мүдделеріне деген қауіп «жоғары» деңгейде тұр.
Heritage Foundation да Қытайды АҚШ-тың көз алдағы ең үлкен қаупі деп санайды. Қытай өзінің әскери қуатын модернизациялауды және кеңейтуді жалғастыруда, оған қоса, ғарыш, ғаламтор және жасанды интеллект салаларын жедел тамытуды баса назарға алып отыр. Аталған зерттеу орталығы Қытай Халық-азаттық армиясының ықпал ету аумағын кеңейтуге тырысып жатқанына, сол ретте Шығыс және Оңтүстік-Шығыс қытай теңіздерінде шынайы оқтарды пайдаланған теңіз-әскери жаттығуларын өткізіп жатқанына баса назар аударған. Тайуанға (Тайвань) жақын бұл аймақтардағы әскери жаттығулар Қытай әскери күштерінің өңірдегі ықпалын орасан зор алға ілгерлетіп жатыр деп санайды. Есепте Қытайдың қазіргі мінез-құлқын «агрессивті», ал оның өсіп келе жатқан мүмкіндіктерін «қауіпті» деп көрсеткен.
Ресей тақырыбы да аталған есептен тыс қалмаған. Яғни, Ресей АҚШ-тың Еуропадағы мүдделеріне әлі де тікелей қауіп төндіріп тұрғанын, бұл дағы АҚШ-тың адындағы ең шұғыл қауіп екенін көрсетеді. Зерттеу қорытындысында: «Мәскеу Украина және өзге де Шығыс Еуропадағы елдерде ресейшілдік үгіт-насихат жүргізуде табанды жұмыстар істеп жатыр. Украинадағы сепаратистік топтарға деген қолдауын жалғастыруда. Бұған қоса, арандатушылық сипаттағы әскери жаттығулар мен жауынгерлік мүмкіндіктерін жетілдіруде, АҚШ мүдделеріне қарсы қару-жарақ саудасын да арттыра түсті (S-400 жүйесін Түркияға сатып беру секілді. Ред.)», – деген.
Құрама Штаттардың әскери қуаты
Heritage Foundation АҚШ-тың әскери қуатын шамалауда мүмкіндіктер мен дайындық деңгейлерін «өте әлсіз», «әлсіз», «қалыпты», «күшті» және «өте қуатты» деген бес деңгейге жіктепті. Соған сай АҚШ-тың құрлық, әуе және теңіз күштерінің деңгейін «қалыпты» деңгейде деп бағалаған. Айталық, АҚШ армиясы күшті бәсекелестікке төтеп беру үшін модернизацияға бейім, бірақ, оның жобасы әлі толық жетілдірілмеген әрі оны атқарып шығуға бірнеше жыл уақыт кетеді. Ал, АҚШ әскери-әуе күштерінде ұшқыштардың жетіспеуі мен ұшу уақыттарының қысқаруы сынды кемішіліктері бар, бұлар соғыс кезіндегі мүмкіндіктерін әлсіретуі мүмкін. Теңіз-әскери күштерін де «қалыпты» және «әлсіз» деген бағалармен бағалаған.
Құрама Штаттардың ядролық қуаты «қалыпты» деңгей мен «қуатты» деңгейдің арасында деп бағаланған. Трамп президент болып келгеннен кейін алғашқы қолға алған жұмыстары қатарында Құрама Штаттардың ядролық арсеналдарын жаңартуға тапсырма берген. Қазір ядролық оқтұмсықтан бастап платформалар, персонал мен инфрақұрылымға дейінгі барлық ядролық күштерді модернизациялау бойынша міндеттемелер жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар тоқтатылса, АҚШ-тың ядролық қуаты бірдена-ақ «әлсіз» деңгейге түсетінін алға тартады.
Әлемде тек Құрама Штаттарда ғана Ғарыш армиясы деген әскери күштер бар. Бұл Трамп билікке келгеннен кейін құрылған жаңа армия. Бірақ, әскери-ғарыш күштері әлі де құрылу үстінде әрі құрамында әскерилер саны тым аз болғандықтан Heritage Foundation оны бағалауға қоспаған екен.
Осыларды ортақтастыра келе жалпы АҚШ әскери қуаты «қалыпты» деңгейде деп бағаланған. Зерттеу қорытындысы АҚШ-тың әскери күштері бір ғана ауқымды аймақтағы қақтығыстың қажеттілігін толық өтеуге қабілетті. Сонымен бір уақытта жаратылыстық апаттарға байланысты төтенше жағдайларда халыққа көмек көрсете алады. Алайда, бір уақытта екі аймақтағы ауқымды қақтығысқа төтеп бере алмайды.
Есепте АҚШ әскери қуатын дамыту үшін бірқатар ұсыныстар да айтылған. Айталық, сенімді әрі тұрақты қаржыландыру керек, оның өзінде инфляция негізінде қорғаныс қаражаттарын 3 пайыздан 5 пайызға дейін көтеруді ұсынған. Егер қаражат аз болса, онда оның салдары үшін Конгресс пен Президент жауапкершілікті өз мойнына алуы керек делінген.
Heritage Foundation Ұлттық қорғаныс саясатын зерттеу орталығының директоры Томас Спайер (Thomas Spoehr) және жылдық есеп редакторы әрі Heritage Foundation-нің қорғаныс саласындағы аға ғылыми қызметкер Дакота Вуд (Dakota Wood) мәлімдемеде: «АҚШ үкіметінің жедел міндеті жауларымызға қарсы күресіп, оларды жеңе алатын армияны толық қаржыландырып, ұлттық қорғанысты қамтамасыз ету. Алайда, біздің қарсыластарымыз соңғы 20 жылда өз армиясына көптеп қаржы салды және технологияларын жылдап дамытты. Құрама Штаттар дәл қазіргі дайындық дағдарысын шешу мен болашақта бәсекеге түсу үшін әскери модернизацияға қаржы бөлу сынды таңдау алдында тұр. Біз енді олардың тек біреуін таңдай алмаймыз, бізге екеуін бірдей таңдауға тура келеді», – деген. Сондай-ақ: «Біз мұншалықты күшті ешқашан қолданбауды қалаймыз, бірақ тарих бізге анық түсіндіріп тұр – егер армиямыз қуатты болмаса біздің қарсыластарымыз өз дегенін жасайды. Бүгін қуатты армия үшін инвестиция салса, ол ертеңгі бейбітшілікке жол ашады», – деген пікірлерін білдірген.
АҚШ қарулы күштерінің жауынгерлік орталары
Ұлттық қорғаныс саясатын зерттеу орталығы АҚШ әскерлерінің әлемдегі түрлі аймақтардағы әрекет ету мүмкіндіктерін де бағалаған. Еуропа, Азия, Орта Шығыс секілді аймақтарда АҚШ-тың түбірлі мүдделері бар екені белгілі. Соған жарыса, осы аталған аймақтарда АҚШ мүддесіне қарсы күресетін өзге күштер де бар. Айталық, Орта Шығыста Иран, Азияда Қытай, Еуропада Ресей деген секілді.
Жауынгерлік орта деңгейін де «өте ыңғайлы», «қолайлы», «орташа», «қолайсыз» және «тәуекелді» деп 5 деңгейге бөліп бағалаған. Сол негізде АҚШ қарулы күштері өз территориясынан тыс жерлер арасында Еуропада ең ырықты соғыс жүргізе алады деп бағалайды. Себебі, мұнда Құрама Штаттың негізгі одақтасы саналатын НАТО мүшелері көбірек, бай соғыс тәжірибесіне ие. Ал, бұған салыстырмалы Орта Шығыс америкалық күштер үшін «орташа» деңгейді. Орта Шығыс жағдайы тұрақсыз, аумалы-төкпелі саяси күйде тұрады, оған қоса өңірде террорлық топтардың белсенділігі жоғары. Дегенмен, Құрама Штаттардың Парсы шығанағы және Жер-Орта теңізінің шығыс жағалауында серіктес елдері мен әскери базалары бар.
Ал, Азия бойынша да Құрама Штаттың жауынгерлік мүмкіндіктері осал емес. Себебі, Азияда АҚШ-тың стратегиялық қарсыластарымен бірге одақтастары да бар. Бұл аймақ Құрама Штаттың жауынгерлік әрекеттері үшін «қолайлы» деп бағаланыпты. Бұндай бағалауға себеп болған критерийлер қатарында одақтастарының бар болуы, жалпы саяси тұрақтылығы, әскери құрылғыларының алдын-ала орналасуы және АҚШ әскерінің, базаларының болуы қатарлылар екен. Қорыта айтқанда әлемдегі АҚШ әскерлерінің жауынгерлік орталары дерлік «қолайлы» күйде. Бұл Құрама Штаттардың өзге қарсыластарынан ең бір артықшылығы қатарында бағаланған. Яғни, оның Ресей және Қытай секілді қарсыластарында Құрама Штаттардағыдай әлемнің көптеген аймақтарында ұрыс жүргізудің тәжірибесі мен шарт-жағдайы жоқ.