«Нұр Отан» партиясы 2021 жылға қарай жүзеге асырылуы тиіс бірқатар сайлауалды уәделерін орындаған жоқ. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкіметтің «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» деп аталған кейбір міндеттемелер толық көлемде орындалмаған. Мысалы, нарықты отандық азық-түлікпен, 250 адамнан тұратын барлық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларын жекешелендіру сынды жоспарлар «әдеттегідей» сөз күйінде қалған.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Пандемия, әлемдік нарықтардағы тұрақсыздық – ескерілуі тиіс мәселелер. Бірақ біз Үкіметтің бұл мәселелерді шешуде нақты тетіктері мен түсініктері бар екенін көріп отырмыз. Үкімет алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық қажетті күш-жігер мен құралдарды осы бағыттарға шоғырландырады деп ойлаймын. Парламент өз тарапынан бақылауды қамтамасыз етуді жалғастырады», – дейді.

Қазір бұл партия алдағы сайлауға қызу дайындық бастаған. ОСК-ның 5 қарашадағы шешіміне сай, Қазақстанның экс-президенті, президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы, билікке жақын «Ақжол», «Ауыл», «Бірлік», «Қазақстанның коммунистік партиясы» және өздерін оппозициялық партиямыз дейтін «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» сайлауға қатыса алады.

Біз сөз етіп отырған мәжіліс пен маслихат сайлауын қазіргі президент Тоқаев 10 қаңтарға белгілеген. Бұл – елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасынан кейін алғаш рет өтетін мәжіліс сайлауы болмақ. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғалы үнемі кезектен тыс өтіп келген сайлау бұл жолы заңда белгіленген мерзімінде өтпек. Елде мәжіліс пен мәслихат бес жылға сайланады.

Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады. Екі айдай қалған сайлауға дейін қандай да бір ұйым жаңа партия болып тіркелуі екіталай. Қазақстан заңы бойынша, саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.

Cайлауға дейін партия тіркегісі келген белсенділер «билік өзіне қарсы шығатын саяси күштерді сайлауға жібермеді, ресми тіркеуден өткізбеді», «10 қаңтарда өтірік әрі өлі сайлау болады» деп санайды.

Айта кетейік, 1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабының негізінде құрылған партия өзін халықтық, демократиялық партия ретінде дәріптейді. Әу баста «Отан» партиясы деп аталған ол мемлекеттік әнұран ауысқан 2006 жылы Назарбаев есімінің алғашқы буыны қосылып, атауы «Нұр Отан» деп өзгерді.

"The Qazaq Times"