Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 12 қараша 638 адамнан коронавирус, ал сәрсенбіде 179 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Вирус жұқтырып қайтыс болғандар мен ахуалы қиындағандар көбейіп жатыр.

#Коронавирус Бейсенбі, қарашаның 12-сі коронавирус жұқтырған 326 адам айығып шықса, 6 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі –  ШҚО (261) және Қостанай облысы (53), астана (51), Павлодар облысы (49), СҚО (43), Алматы қаласында (39). Елдің барлық өңірінен вирус жұқтырғандар анықталған.

Бір айға жуық науқастар саны бойынша алда келе жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық ахуал ушығып, өңір толықтай оқшауланған. Дегенмен мемлекеттік бас санитар Ерлан Қиясов «жағдай бақылауда және қалыпты» екенін айтады. Оның айтуынша, бұл шектеу шараларының нәтижесі, егер карантин енгізілмегенде кемі 2-3 есеге жоғары болуы ықтимал көрінеді. Өңір (13 мың) вирус жұқтырғандар бойынша Алматы қаласы (15 мың) мен астанадан (15 мың) кейінгі үштікте тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мұның себебін санитарлық талаптардың тиісінше сақталмауымен және шекаралық аймақ болуымен байланыстырады. Халқы жағынан өзге аймақтарға қарағанда айтарлықтай аз ШҚО тәулігіне 200-ден кем емес науқас тіркеліп жатыр.

Эпидемия жағдайының деңгейіне байланысты Павлодар, Қостанай, Шығыс және Батыс облыстары қызыл, астана мен Ақмола облысы сары, қалған өңірлер жасыл аумаққа жататыны хабарланды.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 8 мыңнан астам науқастың 2924-3 ауруханада. Тағы 5323 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 437 бала емделіп жатыр.

Ахуалы нашар 192 науқастың арасында 20 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 27 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Республика бойынша барлығы 119 129 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 108 958 адам. Бұл жалпы науқастардың 95%-дан астамы. Қазан айының алғашқы аптасынан бастап елде коронавирус қайта көбейген.

#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққан 179 адам тіркелген. Тағы 65 адам айығып шыққан, үш адам өмірден өткен. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Пневмонияға шалдыққан 40 мыңға тарта адамның 29 мыңнан астамы жазылып шыққан. Кейбір дереккөздер, анығырақ айтқанда ДенМин өкілінің айтуына қарағанда, дүйсенбі және сейсенбі күндері демалыс күнгі, яғни сенбі мен жексенбідегі мәлімет беріледі. Коронавирус жағдайын өткен тәуліктің ертеңіне жүйелеп жариялау жолға қойылғанымен, коронавирус пневмониясы туралы мәлімет екі күнге кешігіп жинақталады. Дүйсенбі дерегі сәрсенбіде бір-ақ беріледі. Сондықтан «өткен күні» деп жазылатын ресми ақпарат күмәнді. Екі күн кешіксе де ведомствоның баспасөз қызметі «өткен күнгі» дерек деп жариялайды. Апта сайын екі күнгі көрсеткіш төмендеп сала береді. Министрлік мұны медицина ұйымдары мен ведомствода демалыс күні екендігімен түсіндіреді. Десе де коронавирус жөніндегі ақпаратты жинақтау-өңдеу ісі үздіксіз жүргізіледі.  ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Ал коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр о баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ берілетін болды. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеп отырады, ведомство сайтында ашық әрі түсінікті тілде талдап жарияламайды.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. Ресми дерекке сәйкес, қазан айында 9,5 мыңдай қазақстандық ауырды: коронавирус жұқтырған 4439 адам анықталып, 118 адам қайтыс болған. Дәл осы уақытта коронавирус пневмониясына 4984 адам шалдығып, 47 адам қайтқан.

Осылайша жазғы толқынның шарықтау шегінен кейін тамыз айынан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 28 мыңнан, ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 39 мыңнан асқан. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі үш айда індеттен 1,3 мыңдай адам өмірден өткен. Сонымен бірге, тамыз-қыркүйек ЖРВИ ауруларымен 418 мыңнан, пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.

7 қазан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус эпидемиясы туралы болжалды сценарийдің үш нұсқасын таныстырған. Оның  айтуынша, болжамға апта сайын түзетулер енгізіліп отырады. Алексей Цой ұсынған пессимистік сценарий бойынша, қазан-желтоқсанда 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Мұндай жағдайда «желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі ықтимал».

Тағы бір нұсқа реалистік сценариге сәйкес, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Бұл жағдайда «локдаун қаңтарда енгізілуі мүмкін». Цой егер жұрт түгел маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.

Пандемия кезіндегі модератор ведомствоның басшысы карантиннің басты индикаторы ретінде елдегі ауруханалардың 70%-ы толса, қатаң локдаун жариялау керектігін мәлімдеген.

Карантин шарасын бірде күшейтіп, бірде босаңсытып жатқан аймақ санитарларының әрекеті түсініксіз. Үкімет өткен аптаның басында екінші тоқсаннан бастап 300 оқушысы бар мектептерге дәстүрлі форматта оқуға, білім ошақтарында 5 сыныпқа, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға, мешіттер мен кинотеатрлардың жұмысына рұқсат беретін шешім қабылдаған. Әлемнің солтүстік жарты шарындағы елдерде күзгі толқын басталып, ДДСҰ жетекшісі алдағы бірнеше ай ең қауіпті кез боларын ескерткеніне қарамастан, Қазақстан Үкіметі «жеңілдетуге» қадам жасады.

Пневмонияның коронавирустан басқа түрлеріне шалдыққандар саны 340 мыңға жақындады. Жиынтық есебі, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 119 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 40 мыңға таяған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 158 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3048-і (КВИ+ / U07.1 – 1924, КВИ- / U07.2 – 415, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

"The Qazaq Times"