АҚШ-тағы сайлау нәтижесі белгілі болғанымен, кімнің президент болары тартысты күйде қалғандай. Бұдан бұрын сайтымызда егер АҚШ-тың келесі президенті Жозеф Байден болса, онымен Қытаймен қандай мәміледе болатыны туралы сараптама жарияланған болатын (мына сілтемеден оқи аласыз: https://qazaqtimes.com/article/81130). Әрине, АҚШ-тың сыртқы саясатын бір ғана президент белгілей алмайды және Уашингтонның сыртқы саясаты Қытаймен ғана шектелмейді. Десе де, Құрама Штаттар Қытай мен Ресейді өзінің стратегиялық қарсыласы деп ашық атап қойған. Сондықтан да әлем жұртшылығы Ақ үй басшысының Мәскеу және Бейжіңмен қарым-қатынасына баса назар аударады. Олай болса Жо Байден президент болса Путинмен мәмілесі қандай болмақ?
Кіші Буш та, Барак Обама да Ақ үйге кіргеннен кейін Путинмен жеке-қарым қатынасын барынша жақсартып, сол арқылы АҚШ-Ресей қатынасын дамытуға тырысып көрген. Бірақ, ол екеуінің де Путинге деген көзқарастары тезден өзгеріп сала берген. Айталық, кіші Буш Путинмен алғашқы кездесуі турасында: «Мен оның көзіне тіке қарадым, ол маған турашыл және өзіне сенімді адамдай көрінді. Мен оның жүрегін жақсы білетіндеймін», – деген еді, соңында олай болмай қалды. Ал, Обама да Путинді жақын тартып көрген, 2014 жылғы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін күдерін мүлдем үзді.
Байден Обама тұсында вице-президент бола отырып, Ресеймен мәмілені жақсарту бастамасын қолдағандардың және соған атсалысқандардың бірі. Бірақ, президент болып келсе сол әуелгі жолын жалғастыра қоюы екіталай. Бұны біз айтпадық, Байденге жақын дипломаттар мен сол төңіректегі саясаттанушылар айтқан екен.
Байденнің Ресейге деген қабағы Обама тұсындағыдай болмайтынын өзінің сайлауалды сөздерінен де көрсек болады. Бір ай бұрын Байден: «Менің ойымша, Ресей – біздің қарсыласымыз, мен солай ойлаймын» деген сөзін CNN-ге айтып еді. Ал, Қытай жайында «бәсекелес, нағыз бәсекелес» деген. Оның Трампты «Путинге қарсы әлсіздік таныттың» деп айыптаған жері де бар. Бірақ, бұған Трамптың «Ресейге менен артық қатал болған Америка президенті болған жоқ» деген жауабы бар. Сүйткен Трамп ресейлік оппозиционер Навальныйдің улануына байланысты кескінді пікір айтпады даі, Байден болса бірден Ресей билігін айыптап пікір білдіргені бар.
Солай да, президентке үміткер ретінде қатқыл пікір айту басқа да, президент ретінде саяси салмақты көтере тұрып жүзеге асыру мүлде басқа екені мәлім. Президент болғаннан кейін де өзінің сайлауалды бағдарламаларынан айнымаған президент болған емес, болмайды да. Егер сайлау алды сөздеріне ең жақын президенттерді бағаласа Трамптың бәсі жоғары деуге де болады. АҚШ пен әлем халқына қаншалықты пайдасы, әлде зияны болғаны өз алдына, алайда, Трамптың сайлау алдында айтқан кейбір басқа қона бермейтін жобаларын жолға қойғаны бар, айталық Мексика шекарасына қорған тұрғызу, Қытайға қатаң саясат ұстану, т.б. Байденнің айтқандарына қарап президент болғаннан кейін Ресейге қатаң болады деп кесіп айту қиын.
Байден мен Путиннің ара-қатынасына келсек, екеуі бұдан бұрын да кездескен саясаткерлер. Ғаламтор әлемінен «Путин-Байден» деген сөзбен қуалай отырып, екеуінің кездесуінен кейінгі Байденнің пікірін де таптық. Сонау, 2011 жылы Байден The New Yorker басылымына берген сұхбатында Путинмен кездесуі туралы бір үзік сөз айта кетіпті. Онымен бір кездесуде дейді Байден: «Мен сенің көзіңе қарап отырып, рухының бар екеніне сене алмай отырмын», – деген екен. Сонда Путин оған күле сөйлеп: «Біз бір-бірімізді түсінеміз», – депті. Саясат аренасының ойыншылары арасындағы бұндай сөз жұмбақтар, тіл қағыстар көп нәрседен хабар берсе керек.
Жалпы Байден мен Путин ара-қатынасының қандай екенін тап басып айтып беретін бағалау жоқ, бір-бірін онша жақсы көрмейтінін, тек екеуінің аман-сәлемі ғана түзу екенін бірер ақпарат құралында жазылыпты. Жеке қарым-қатынасы онша емес, оған қоса Обама тұсындағы Ресейге бағытталған санкциялар бар, мұндай жағдайда АҚШ-Ресей қарым-қатынасын жақсарту қиын. Байден тұсында Ресейді жан-жақтан күшті қысымға алмаса да, демократиялық талаптарды күшейтеді деп сенетіндер көп.