АҚШ тарихында тұңғыш рет президенттік сайлаудың нәтижесі ресми дауыс беру күніне дейін яғни 3 қарашада алдын ала шешілуі мүмкін. Бұл жолы сайлаушылардың жартысына жуығы мерзімінен бұрын дауыс берген. Әзірге, Джо Байден Дональд Трамптан 9%-ға алда. Дегенмен, төрт жыл бұрынғы сауалнамалар да Дональд Трамптың жеңілетінін болжаған.

Қазір Трамп пен Байден күмән туғызатын, яғни swing state деп аталатын, электораты құбылмалы штаттарды аралап жүр. Себебі президент атану үшін қажетті 270 электоралды колледждің дауысын жинауға өте үлкен әсер тигізетін штаттар. Бұл штаттардың қатарында Джорджия, Флорида, Пенсилвания, Айова, Мичиган бар. Сондай ақ осы аптада Камала Харис, Барак Обама және Майк Пенс сияқты саясаткерлер өздерінің жақтастарын барынша қолдап, сайлауалды үгіт-насихаттарға көптеп қатысуға тырысты.

Ресми дауыс беру күнінен үш күн бұрын АҚШ-тағы сайлау комиссиялары жаңа рекорд туралы есеп берді: 91,6 миллион сайлаушы мерзімінен бұрын дауыс беріп, бюллетеньдерді пошта арқылы жіберген. Бұл сан елдегі барлық тіркелген сайлаушылардың 43%-ы.

Мәліметтер бойынша, 35 штат пен Колумбия округінде сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс берген. Флорида, Джорджия және Солтүстік Каролина қазанның соңында 70% -дан астам бюллетен тапсырды. Техаста бұл көрсеткіш 90%-дан асты.

Washington Post газетінің мәліметінше, соңғы екі аптада демократтық кандидат Пенсильвания, Аризона, Флорида және Уисконсин сияқты төрт негізгі және ең шешуші штаттарда көш бастап келеді.

Бірнеше апта бұрын «New York Post» газетінде АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті және биылғы президенттік сайлауға кандидат Джозеф (Джо) Байденнің ұлы Хантер Байден туралы мақала шықты. Материалда Байден және оның ұлына қатысты айыптау хаттары мен басқа да материалдар жарияланды. Қарашада өтетін ірі саяси додаға санаулы күндер қалғанда мәлім болған «құпия хаттардан» кейін Байденнің рейтингіне нұқсан келген.

Хантердің ноутбугы 2019 жылдың сәуірінде Делавэрдегі жөндеу шеберханасында қалдырылған. Ноутбуктегі электрондық хаттарда Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден 2015 жылы украиналық Burisma компаниясының аға қызметкері Вадим Пожарскиймен кездесу өткізгені жазылған. Бұған дейін Байденнің өзі мұндай байланыстардың ешқашан болмағанын айтқан.

Америкадағы президент сайлауы биыл 3 қарашада өтеді. Қызу додада қос кандидат – қазіргі 45-ші президент Дональд Трамп және демократ Джо Байден бақ сынайды. Республикалық партия өкілі Трамп алдағы сайлаудың нәтижесін тек АҚШ Жоғарғы Соты анықтайды деп болжаған. Ақ үй басшысы соңғы кездері демократтар пандемияға байланысты алдағы сайлауда кеңінен қолдануды ұсынатын пошта арқылы дауыс беру әдісін бірнеше рет сынға алған. Трамп сонымен бірге пошта арқылы дауыс беру кезінде басқа мемлекеттердің қатысу қаупі жоғары дейді.

"The Qazaq Times"