Пневмонияның коронавирустан басқа түрімен ауырғандар саны 339 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш былтыр небәрі 88,7 мың болған. Ал 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 110 мыңға жуықтап, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 36 мыңнан асқан.
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы QT редакциясына берген жауабында хабарлады.
Дегенмен 340 мыңға маңайлаған пневмонияның 256 мыңдайы қаңтар-шілде айларының аралығында тіркелгенін ескерсек, оның арасында коронавирустық түрі болуы әбден мүмкін. Себебі 1 тамызға дейін Қазақстан билігі коронавирус пневмониясын жеке санат ретінде қарастырмаған. Тек ДДСҰ мен азаматтық қоғам, БАҚ өкілдерінің талабынан кейін ғана тамыздан бері жаңа форматтағы U07.2 кодымен белгілей бастаған.
Денсаулық сақтау министрлігі қате болжам жасап, көктемгі карантин кезінде дайындықты дұрыс жүргізбеуі себепті модератор-ведомство ретінде «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған. Салдарынан әлеуметтік желілер некролог жазатын платформаға айналғаны елдің есінде. Дәрі-дәрмек қат болып, дәріханалардың алдында ұзын-сонар кезек қаптаған. Медицина мамандары түгілі жедел жәрдем бригадасы жетіспеп еді. Бұған Үкімет көбіне елді жазғырып, өзінің ұйымдастырушылық жағынан кеткен кемшіліктері туралы аз айтты. Тіпті президент Тоқаев ел наразылығы үдеген шақта Үкімет пен министрліктің қызметінде өрескел қателіктер кеткенін батыра айтқандай болған. Бірақ тәуелсіздік алғалы ел басынан өткермеген қиын-қыстау шаққа жол берген жауапты шенеуніктердің ешбірі әлі күнге дейін жауапқа тартылған жоқ.
2019 және 2020 жылдары 1 қаңтар мен 30 қыркүйек аралығындағы Аурулардың халықаралық жіктелімінде J12-18 кодтарымен белгіленетін пневмонияның барлық түріне (мұның арасында U07.2 коды арқылы белгіленетін коронавирус пневмониясы болу ықтималдығы өте жоғары – QT) шалдыққан және қайтқан қазақстандықтардың саны ойландырмай қоймайды.
Вице-министрдің мәліметінше, пневмониядан маусым айында 628, шілдеде 2 149 адам өмірден өткен. Бұл былтырға қарағанда 2,2-ден (маусым) 8,4 есеге (шілде) дейін артық. COVID індеті шыққалы бері қаңтар-шілде аралығында Қазақстанда 256 мыңдай адам пневмониямен ауырған, оның 4 мыңға жуығы қайтыс болған.
Ал Цойдың қазақшаға жүйрік жалғыз орынбасары әрі ескі танысы Ажар Ғиниятқызы ұсынған дерекке көз жүгіртсек, биыл алғашқы 9 айда пневмониядан 4 540 көз жұмған. Ал 2019 жылы қаңтар-қыркүйек аралығында бұл 2,5 мыңға тарта шамада болған. Биылғы есепке тамыз бен қыркүйек айларындағы коронавирус пневмониясынан қайтқан 355 жағдайды біріктірсек, жалпы өлім көрсеткіші 4 895-ге жетеді.
Сонымен қоса, тоғыз айдағы (қаңтар-қыркүйек) есепке сәйкес, 339 148 науқас ауырса, былтыр 88 776 жан сырқаттанған. Арадағы айырмашылық 4 есеге жуық.
ДДСҰ өкілі Майкл Райан 11 шілде күні Қазақстанда күрт өршіген пневмонияны тікелей коронавируспен байланысты екені жөнінде түсіндірме берген. Тіпті айдың ортасында министрлікке (басқа жылдан ерек қарқындағы) пневмония мен коронавирусты біріктіру жөнінде нұсқау жасап, кодын белгілеген. Осыған қарамастан билік індет қарқыны басылғанға, тамыз айының басына дейін «дайындық кезеңін» сылтауратып қоспады. Мыңдаған кейстің ешбірі коронавирустың жалпы статистикасына енгізілмеді. Сарапшылардың 256 мыңдай пневмонияның арасынан коронавирустық түрін ажыратуға болатыны жөнінде талай рет айтса да, министр Алексей Цой командасымен бірге «техникалық жағынан қиын» екенін алға тартты. Тамыз-қазан айларының аралығында дерттің беті қайтқан кезде де министрлік әдеттегіден 3,3 есеге артық пневмония жағдайын қайта сүзуге көңіл аудармады, әрекет етпейді. Редакция журналисінің сұрағына айтқан жауабында вице-министр Ажар Ғиният Үкіметтің бұл істе құлықсыз екенін екі мәрте кесімді түрде мәлімдеген. Биліктің бұл әрекеті қоғам тарпынан «саяси имидж жолындағы өтірік», «манипуляция» деген сынға ұшырады.
Пандемиядағы өлім өсімін растайтын Статистика комитеті 2018 жылы маусым-шілдеде Қазақстанда 21 809 адам, 2019 жылы осы уақытта 22 708 адам, ал биыл 43 127 адам қайтыс болғанын жариялады. Ресми дерекке сай, пандемия дәуіріндегі «маусым-шілде қырғынында» қайтқандар былтырға қарағанда 20 419 адамға көбірек болған. Дегенмен Қазақстан Үкіметі мұның себебін түсіндірмеді.
30 қыркүйектегі ресми есеп бойынша, КВИ- немесе коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны 32 979 сырқат. Демек тоғыз айда 372 127 адамның пневмониядан ауырған. Сонымен, Қазақстанда биыл коронавирус пен оның басқа да түрлерін қоса есептегенде кемінде 375,5 адам пневмонияға шалдыққан. Өкпе қабынуының ондаған түрі бар. Бұдан тысқары ресми тіркелмеген не ауруын сезбеген хәлде өткергендерді ескерсек, шынайы жағдай бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Әрине, бұл тіркелмегендіктен, жай ғана – гипотеза.