Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны ресми расталғанымен, басқа аурудың себебінен қайтыс болды делінген есеп жүргізіледі. Министрлік олардың өлімі «басқа дерттерден болады, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. 18 маусым 54 жағдайға, 2 шілде 101-ге, 23 шілде 319-ға, 11 қыркүйек 576-ға артқаны хабарланған. ДенМин ұсынған 15 қазан күнгі ресми дерек бойынша, құрбандар саны 672-ке жеткен. Министрлік бұл туралы мәліметті өздігінен тұрақты түрде жарияламайды. Әр апта сайын онлайн брифингтер мен сұрау хаттар арқылы ғана ақпарат береді.
ДДСҰ инфекция жұқтырғандардың өзге ауруларын коронавирустан бөлек қарастырмай, бірге санауды ұсынып, көптеген елдер бірыңғай санақ жүргізіп келеді. Ашықтыққа негізгі принцип ретінде қарайтын батыс елдері бұл індеттен көз жұмғандарды санағанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хаттамасына сүйенеді. Ұйым әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 үлгісі анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан оны коронавирустан қайтқандар тізімен енгізуді ұсынған. Тек «әртүрлі апаттан (жол апаты, оқыс жағдай) және миокард инфарктінен қайтыс болғандардан коронавирус табылса, оларды жалпы есепке қоспауға болады» деген.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов 17 тамызда жанама әсерден қайтыс болғандардың 68%-ының себебі ретінде қан айналымы жүйесінің аурулары екенін айтқан. Кейіннен қыркүйектің ортасында бұл ақпарат толықтырылды: 576 адамның 52,4%-ы тынысалу органдарының ауруларынан, ал 29%-ы қан айналым жүйесі ауруларынан қайтқаны белгілі болды. Ал сарапшылар пікірі «науқастар психика не оқыс жарақат-соққы себебінен қайтпаса, онда олардың дені коронавирустың құрбаны ретінде қарастырылуы тиіс» деген ортақ арнаға тоғысады.
Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:
Коронавирус жүрек, өкпе, қант диабеті секілді созылмалы ауруларды қозыдруы мүмкін. Қайтыс болғанда жүрегі тоқтап, тромбоз болуы ықтимал. Мүмкін коронавируспен ауырмаса, қолдаушы терапия алып тірі жүре беруші еді. Қайтқан адамның диагнозы мен өлім себебінде байланыс болатыны анық.
Вирус жұққандықтан тромб мөлшері ұлғайып, қан ұйып жүрек, өкпе не миға салмақ салады. Осының салдары да әсер етпейді дей алмаймыз. Пневмония ауруын ПТР-дың бары-жоғына қарамастан клиникасына қарай коронавирустық сипатта қарастыру қажет деп басынан бері айтып келеміз.
Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері, медицина білімдері бойынша оқытушы-тәлімгер:
Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Коронвирус туралы статситиканың дұрыс берілмеуі тек қазақстандықтарды ғана емес, бізді де ойландырады. ДДСҰ-ның белгілеген код ақпан айында нақтыланған. Ал Қазақстан билігі неге тамыздан бастап енгізді. Бұған жауап беруі керек. Қайтыс болған адамның бойында басқа ауруы болғанына қарамастан, ағзасынан вирус табылса, бірден коронавирус себебінен деп есептеуі тиіс. Өйткені вирус ангиотензин конвертинг рецепторы арқылы денеге кіреді. Екінші түрі қан тамырлары арқылы бойға тарайды. Сондықтан вирус барлық тінге жайылып, ең әлсіз тұсынан ұстайды. Жасы үлкен адамдардың созылмалы ауруын қоздырып, салдары өлімге айналып жатыр. Бұл сөзсіз коронавирус статистикасына енуі тиіс. Жылдың басынан бергі барлық пневмонияны ақөкпе деп айдарлап, негізгі есептен бөлді. Бұл қате қадам. Мұны Қытайдағы тұмау маусымында өршіген пневмонияны КТ арқылы ажырататын ғылыми тәжірибе дәлелдеді.
Ескерусіз қалған 256 мың пневмония туралы айтсақ, ауруханалардағы науқастардың жеке тарихын қарау – министрлік айтқандай ауыр шаруа емес. Дәрігерлер жай дайын есепті өткізеді. Ал оны статистикаға қосу науқастармен контактіге түспейтін ведомство қызметкерлері. Мұны ақжағалы шенеуніктердің сылтауы деп қана ұғуға болады.
Мыңжылқы Бердіқожаев, Қазақстандық жоғары санатты нейрохирург-дәрігер:
Қатерлі ісігі не қан қысымы жоғары адамға ем дұрыс жасалса, олар өмір сүре берер еді. Коронавирустың жанама әсерінен қайтқаны жөніндегі дерекке толық көз жеткізу үшін өте күрделі зерттеу –сараптама жүргізу керек. Оны жасап жататын ешкім жоқ шығар. Сондықтан ресми мәліметке сенуге мәжбүрміз.
Кейбір елдер коронавирус басқа аурулардың асқынуына себеп болды деп есептесе, кейбір елдер өз алдына бөлек жүргізеді.
Қайырғали Көнеев, невролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты:
Коронавирус инфекциясы тромбоз тудырғандықтан жоғарыда көрсетілген қайғылы жағдайға алып келетіні анық. Көптеген елдерде коронавирус жұққан адамдар оқыс жағдайдан басқа кездің бәрінде құрбандарды індет себебінен деп қарастырылып келеді.
Ресми дерекке сәйкес, қазан айының 20 күнінде коронавирус жұқтырған 1 787 адам анықталып, 69 адам қайтыс болған. Дәл осы уақытта коронавирус пневмониясына 3 232 адам шалдығып, 33 адам қайтқан. Пневмониядан ауырғандардың саны коронавирусқа қарғанда екі есе көп болғанымен, – қайтыс болғандар ПТР арқылы расталған ковидтен екі есе аз.