Қазақстан президенті Тоқаев Парламенті Мәжілісі депутаттарының жетінші сайлауын және аймақтардағы мәслихаттардың сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. 

Ақорданың хабарлауынша, №439 жарлықта президент  партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға белгілеген. Бұл саяси партиялар ұсынатын 98 орынға сайлау болатынын білдіреді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын 9 депутаттық мандатқа сайлау 11 қаңтарға тағайындалды.

Жалпы жиыны Мәжілістегі 107 депутаттың сайлауын өткізуге әдеттегідей Орталық сайлау комиссиясы жауапты. Сонымен қоса, Үкімет пен аймақ әкімдері саяси науқанды «материалдық-техникалық және қаржылық-ұйымдастырушылық жағынан» қамтуы қажет.

Президент қол қойған төменгі палата Мәжілістің сайлауымен қатар, ОСК қаулысының негізінде барлық деңгейдегі мәслихаттың з мыңнан астам депутатын сайлау мерзімі бекітілді.

«Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды.

Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады», – деп уәде берді Тоқаев жазбаша үндеуінде.

Ол «жаңа сайлауға дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси  өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды» деп санайды.

Бұған алғышарт ретінде мемлекет басшысы «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық  заңға және «ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізілгенін алға тартқан. Осы арқылы парламенттік оппозиция институтын құрамыз дейді. Сондай-ақ, жаңа ережелер бойынша «парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді» делінген. Президенттің сөзінше, олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді-міс. Өңірлердегі мәслихаттар сайлауы «алғаш рет партиялық тізім бойынша» өтеді. Тоқаев мұны «демократиялық тәжірибеге толық сай» деген ойда.

Коронавирус пандемиясы мен оның салдарынан туған экономикалық дағдарысты тілге тиек еткен ол көбіне ескі кадрлерден қайта жасақталатын парламент және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы «елдегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді» дейді.

Тіпті бұл сайлау Қазақстан билігінің елдегі саяси жүйенің жаңаруын қамтамасыз ететін саяси институттарды «демократияландыруға және жаңғыртуға аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады» деп сөз берді.

Тоқаев ресми үндеуінің қорытындысында барша азаматты ұстанымын белсенді танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырған.

Қазақстанда алты рет өткен депутаттарды сайлаудың көбінде заңсыздықтар көрініс тапқан. Былтыр өткен президент сайлауында да әкімшілік ресурстардың күшімен көптеген заң бұзушылықтар әлеуметтік желілерде кеңінен тарағанына қарамастан, олардың ешбірі сотқа жетпеген.

Осыдан екі апта бұрын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетіне байланысты сайлау онлайн өтуі мүмкін деп мәлімдеген. Ал онлайн дауыс беруге қарсы қоғам белсенділері петиция жариялап, президенттен оған тыйым салуды сұраған. Наразылардың пікірінше, Қазақстан онлайн дауыс беруге техникалық жағынан да, заңдық жағынан да дайын емес.

“The Qazaq Times”