Парламент сайлауы қарсаңында бойына қан жүгірген билік партиясы Нұр Отанның праймеризін өткізуге қанша қаражат жұмсалды? Қаржы қайдан алынды? Саяси науқанға сарапшылар қандай баға берді?
6 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте билік партиясының ішкі іріктеу қорытындысына жауапты хатшысы Арман Қырықбаев QT тілшісіне праймериз бюджетінің есебін беруге уәде берген. Партияның қоғаммен байланыс департаментінің өкілі Шалбаев Бикежан Айдарұлы ұсынған жауапқа қарағанда, праймеризге 230 миллионнан астам теңге қаржы жұмсалған.
«Еліміздің барлық өңірлерінде партияның ауқымды ұйымдастырушылық-ақпараттық базасы бойынша 247 филиалы болғандықтан, праймериз сияқты ауқымды іс-шараны өткізуге бар-жоғы 230,2 млнтеңге қаражат жұмсалды», – делінген партияның баспасөз қызметі жолдаған жауапта.
3 мыңдай сағатқа созылған жария пікірсайыстарды өткізуге жұмсалған қаражат көлемі қаншалықты қисынды екені белгісіз. Ресми ақпаратқа сәйкес қаржының жұмсалу реті мынадай:
- Онлайн трансляцияны қамтамасыз етуге арналған қажетті жабдықтар, дебаттар өткізілетін орындарды және дауыс беру учаскелерін дайындауға, сондай-ақ операторлардың қызметтері – 45,4 млн теңге;
- «Праймериз» ақпараттық жүйесі және оның мобильдік қосымшасы – 40,6 млн теңге;
- «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеу және дауыс беру туралы партия мүшелеріне хабарлама жіберу қызметі – 29,9 млн теңге;
- «Қазақтелеком» АҚ ғимараттарда серверлерді жалға беру қызметі (негізгі және резервтік Data-орталықтар) – 29,3 млн теңге;
- «Праймериз» ақпараттық жүйесіне арналған кең ауқымды интернет арнасының қызметі – 4,5 млн теңге;
- Партияның өңірлік филиалдарының праймериз өткізуді ұйымдастыру бойынша шығындары (бюллетеньдер, ғимараттарды жалға алу, кеңсе тауарлары, полиграфиялық қызметтер, баннерлер және т.б.) – 80,4 млн теңге.
Праймеризге жұмсалған қаражат «партияның өз есебінен» делінген. Партия құрамында 786 805 адам мүшелікте. Президент Тоқаев, сенат пен мәжіліс төрағалары, үкімет құрамынан бастап әкімдік қызметкерлері, мұғалімдерге дейін түгел дерлігі осында. Жарғы бойынша еңбекке жарамды мүшелер кіруге арналған және ай сайынғы жарна төлеуі тиіс. Бұл «ең төменгі жалақы мөлшерінің 0,7% және партия мүшесінің қалауы бойынша одан да жоғары». Демек 42,5 мың теңгенің 0,7%-ы, 297,5 теңге.
Ал 106 мыңдай мүшесі бар Jas Otan-да кіру жарнасы алынбайды деседі. Бірақ студенттер – ең төменгі жалақының 0,07%-ы мөлшерінде ай сайын жарна төлейді.
Партиябасы, экс-президент Назарбаевтың сенімді өкілі әрі саяси шәкірті, №1 орынбасары Бауыржан Байбек саяси науқан барысында оның қатарына «жаңадан 42 мың адам қосылуға ниет білдіргенін, партияішілік жарысқа 10 мыңнан аса үміткер қатысқанын» сүйіншілей хабарлаған. Бұл – бірінші кезең.
Байбектің баяндауынша, алдағы уақытта әлі екі кезең бар. Екінші кезеңде аудандық және қалалық конференциялар өтіп, онда жасырын дауыс беру арқылы тиісті мәслихаттар сайлауларына арналған партиялық тізімдер бекітіледі. Мұнда үш мегаполистен өзге өңірлердің кандидаттары аудандық және облыстық пікірсайысқа түседі. Бір қызығы – қазіргі Мәжіліс құрамындағы партия депутаттары үшінші деңгейдегі партияішілік іріктеуге қатысатын көрінеді. Конференция-пікірсайыстардан өткендер облыстық мәслихаттарға қорытынды тізім ретінде резервке алынбақ. Ал Мәжіліске арналған қорытынды тізім – «Nur Otan» Съезінде бекітіледі екен.
Праймеризге қатысушылар мен бақылаушылар Нұр Отанның саяси науқанын «әділ өтпеді», «үміткерлерге тең мүмкіндік бермеді» деп сынаған. Сарапшылар праймеризді «бәсеке иллюзиясына» балайды. Нақтырақ айтқанда, саясаттанушы Досым Сәтпаев мұны халыққа емес, «Назарбаев пен элитаның маңызды бөлігіне «Нұр Отанның» әлі де қауқары барын көрсету үшін ұйымдастырылған имитация» десе, ал Шалқар Нұрсейіт «саяси қойылым», белсенді Тоғжан Қожалиева «онлайн сайлау алдындағы репитиция» деп бағалады.
1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабының негізінде құрылған партия өзін халықтық, демократиялық партия ретінде дәріптейді. Әу баста «Отан» партиясы деп аталған ол мемлекеттік әнұран ауысқан 2006 жылы Назарбаев есімінің алғашқы буыны қосылып, атауы «Нұр Отан» деп өзгерді.