Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 12 қазан күні 70 адамнан коронавирус, 4 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Үш күнде коронавирус пневмониясы 64 есеге азайған, бұл техникалық қате болуы мүмкін.
#Коронавирус 11 қазан күні коронвирус жұқтырған 162 адам айығып шықса, 3 адам өмірден өткен. Ал жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – СҚО (12) және ШҚО (11). Ал Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.
ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 2927 адамның 2103-і ауруханада. Ал қалған 824 науқас амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 77 өскіншек бала бар. Ахуалы нашар 85 науқастың арасында 12 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 13 науқас өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 108 901 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 104 203 адам. Бұл жалпы науқастардың 95%-дан астамы. Өткен аптаның сәрсенбісінен бері Қазақстанда коронавирус көбейген еді.
#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, дүйсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 4 адам, 2 өлім жағдайы тіркелген. Тағы 10 адам айығып шыққан. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. Дүйсенбі күнгі дерек делінген ақпар шын мәнінде жексенбінікі болса керек. Жексенбіде ДенМин және ауруханалар демалысқа байланысты күрт кемитіндіктен, соншалықты шынайы деуге келмейді. Бұл бірнеше ай бойы байқалған тренд. Ведомство сенбі, қазанның 10-ы 258 кейс анықталғанын хабарлаған.
«Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 4 жағдайы және 2 өлім жағдайы тіркелді», – деп жазды Үкіметтің www.coronavirus2020.kz сайты.
Күнделікті ертеңгілік «өткен күнгі» мәліметті беретін министрлік мұнда 12 қазанды меңзеп тұр. Демек елдің бәрі ауруханаға емін-еркін баратын жұмыс күні небәрі 4 жағдай, ал сенбі күні 250-ден астам жағдай тіркелуі ақылға сыйымсыз. Осыны ескерсек, Үкімет ресми хабарда жазатындай бір күнге емес, шынтуайтында екі күнге кешігіп жариялайды деп топшылауға болатындай.
ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. Ресми дерекке сәйкес, қазан айының он екі тәулігінде коронавирус жұқтырған 922 адам анықталып, 37 адам қайтыс болған. Дәл осы уақытта коронавирус пневмониясына 1935 адамның шалдығып, 15 адам қайтқан. Пневмониядан ауырғандардың саны коронавирусқа қарғанда екі есе көп болғанымен, – қайтыс болғандар ПТР арқылы расталған ковидтен 2,6 есе аз.
Өткен тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 17 мыңнан, ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 34 мыңнан асқан. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі екі айда індеттен 600-дей қазақстандық өмірден өткен. Сонымен бірге, осы аралықта (тамыз-қыркүйек) ЖРВИ ауруларымен 418 мыңнан, пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.
7 қазан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус эпидемиясы туралы болжалды сценарийдің үш нұсқасын таныстырған. Оның айтуынша, болжамға апта сайын түзетулер енгізіліп отырады. Алексей Цой ұсынған пессимистік сценарий бойынша, егер жұрттың 60 пайызы ғана маска тақса, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында 190 мың адам вирус жұқтырып, 65 мың адамды ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Мұндай жағдайда «желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі ықтимал».
Тағы бір нұсқа реалистік сценариге сәйкес, жұрт арақашықтық сақтап, 70 пайызы маска тақса, қазан-желтоқсанда 90 мыңдай адам вирус жұқтырып, 30 мыңын ауруханаға жатқызуға «тура келеді». Бұл жағдайда «қаңтарда локдаун енгізілуі мүмкін».
Цой егер жұрттың 100 пайызы маска тағып жүрсе, қатаң карантин болмайтынын, қазан-желтоқсанда шамамен 40 мың адамға вирус жұғып, 15 мың адам ауруханаға түсетінін айтады.
Пандемия кезіндегі модератор ведомствоның басшысы карантиннің басты индикаторы ретінде елдегі ауруханалардың 70 пайызы толса, қатаң локдаун жариялау керектігін мәлімдеді.
Пневмонияның коронавирустық түрінен басқа ауруларымен ауырғандар саны 337 мыңнан асты. Таратып айтсақ, 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 109 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 35 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 143 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2717-сі (КВИ+ / U07.1 – 1 771, КВИ- / U07.2 – 370, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.