Республика көлемінде 2020 жылғы 1 наурыздан бастап 6 қазан аралығында СOVID - 19-ға ПТР әдісімен 3 млн 32 мыңнан астам зерттеу жүргізілген. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ұсынған дерек негізінде, қазан 1-і мен 6-сы аралығында 9217 тест қолданылған.
Комитетке қарасты Ұлттық сараптама орталығы гуманитарлық көмекпен әкелінген 151 мыңнан астам тест-жүйелерін үлестірген. Наурыз айының басында Ресейден (Роспотребнадзор – наурызда) 4 мың, қыркүйекте 22 мың; Қытайдан мамырда 37 536 маусымда 52 032; Түркиядан шілдеде 11 520, тамызда 960: қыркүйекте ДДСҰ-дан 23,5 мың тест жіберілген.
Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, ПТР (полимеразды тізбекті реакция) әдісімен биологиялық материалдан COVID-19 вирусының РНК-сын анықтауға диагностикалық зерттеу бағасы 11 499,46 теңге тұрады. 7 қазан президент Тоқаев коронавирусқа тексерілу үшін тапсыратын ПТР- есттің бағасы қымбат екенін айтып, арзандатуға тапсырма берген. Мұны вице-премьер Ералы Тоғжанов іліп алып, кеше бір аптаның ішінде өңірлердегі ПТР тестілеуді біркелкі өткізуді қамтамасыз етуге тағы тапсырма берді. Әзірге тапсырманың тізбегінде ел әр тестті 10 мың мен 18 мың теңгенің аралығында тапсырып жүр.
Үкімет күзгі-қысқы кезеңде барлық зертханалардың жалпы қуатын тәулігіне 63 мың сынама жүргізуге уәде берді. Министрліктің дерегіне қарағанда, Ұлттық сараптама орталығының 16 вирусологиялық зертханасы бар көрінеді. Әзірге тәулігіне 28 мың зерттеу жасалып жатыр. Қазан айының басындағы жағдай бойынша елімізде тестілеуді 124 зертхана жүзеге асырады. Оның санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің зертханалары – 25, жеке зертханалар – 42, медициналық ұйымдардың зертханалары – 31, ветеринариялық зертханалар – 26.
Редакцияның сұрау хатына берген жауабында комитет Үкімет тапсырысымен сатып алынып, Қазақстанда қолданылатын тесттер Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясында шығарылатынын растайды.
Жалпы Қазақстанда 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 108 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 34 мыңға жеткен. ДДСҰ дерегінде ауырғандардың саны 142 мыңнан асқаны көрсетілген.