Дамыған елулікке енуден дәмелі Қазақстан халық санына шаққандағы коронатестілеу бойынша 54-орында. Қазақстанда ПТР тесті қалай алынды? Коронавирусты анықтауға арналған тест қолжетімді ме? Жүргізілген 2,7 млн сынама мен оның тәуліктік есебі, ПТР мен экспресс тестің айырмашылығы.  

Қаңтар айы мен алғашқы науқас тіркелгенге дейінгі 13 наурыз аралығында әлем қамданып жатқанда Қазақстан Үкіметі 5 мыңдай ғана полимеразалық тізбекті реакция (ПТР) тесті қолданған. Бұл туралы экс-министр Елжан Біртанов үш айда 3399 адамға 5093 тест жүргізілгенін айтқан. Ал сәуір айында Қазақстан Қытайдан 600 мыңға жуық ПТР-тест сатып алған.

25 маусымда Ұлттық сараптама орталығының директоры Арнұр Нұртаев маусым айында күніне 30 мың адам коронавирусқа тест тапсырғанын хабарлаған. Сол кезде «Қазақстанда пандемия басталған кезде коронавирусқа күніне мың тест жасалатын. Қазір жоспарға сәйкес және пандемияның өршуін ескере отырып тест тапсырудың қуаты артты. Қазіргі уақытта күніне 30 мың адам коронавирусқа тест тапсырады. Бастапқыда 18 зертхана болса, бүгінде 50-ден астам зертхана жұмыс істейді, оның ішінде жекеменшіктер де бар» деген ДенМин құрамындағы мекеме бастығы Нұртаев «шілде айында зертханалардың қуаты тәулігіне 40 мың тестке дейін ұлғаяды» деп уәде берген.

Сол тұстағы бас санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың наурызы-маусым аралығында 1,4 миллион анализ алынып, оның 80%-ы тегін жүргізілгенін хабарлаған.

Ел ТЖ режимінен шыққаннан кейін COVID-19 вирусын анықтауға арналған тест 9500-18 000 теңге көлемінде жасалды. Мамандар мұның 4-5 есеге қымбат екенін айтып, билік жұмысын сынаған.

Пандемия өршіген шақта баға шарықтап, тегін тестілеу баяулады.  Оның себебі – министрлік ақылы ПТР-тест жүргізуді тек тек санаулы жекеменшік зертханаларға ғана тапсырған. Ел дәрі-дәрмек іздеп, ауруханаға баруға сескеніп, сынаманың сан мыңы қолжетімді болуы керек жазғы толқында «Олимп» сияқты клиникалық-диагностикалық зертханалар коронавирусқа ПТР тест алуды біраз уақытқа тоқтатқан. Стационарлардағы төсек-орын, қоймада қалып қойған дәрі-дәрмек пен маман, техникалық ресрурстар, ӨЖЖА құрылғыларының жетіспеушілігі салдарынан Қазақстан халқы ресми мәлімдемеде толық әрі нақты айтылмаған «маусым-шілде қырғынына» тап болды.

Індет қарқыны бәсеңдеген соң 22 шілде күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой билік саясатын насихаттаушы «Хабар 24» арнасына берген сұқбат берді. Онда ол лабораториялардың тәулігіне 62 мың ПТР-тест жүргізе алатын мүмкіндігін мақтана мәлімдеген. Десе де одан бері ашық дереккөздерде 60 мыңнан астам тест жүргізілгені туралы ақпарат жарияланбады.

QT редакциясының сауалына жауап берген ДенМин қарамағындағы Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының дерегінше, 13 наурыз бен 22 қыркүйек аралығында Қазақстанда 2 776 548 ПТР тесті жүргізілген. Ең көбі маусым (723 мың), мамыр (564 мың) және шілде (523 мың) айларында қолданылған.

Халықаралық Worldometers дерекқорының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда әр миллион тұрғынға 145 175 тест қолданылған, сәйкесінше 54-орында екен. Сондай-ақ, әлемдік ресурста 2,7 млн тест қолданылғаны көрсетілген. Ал ДенМиннің ресми өкілі Бағдат Қожахметов қыркүйек айының басына дейін ПТР-сынақ әдісімен 2,5 млн-нан астам зертханалық зерттеу жасалды деді. Ең маңыздысы, вирустың күзгі толқынына қарсы зертханалардың қуаттылығын тәулігіне 64 мыңға дейін арттыруға сөз берді.

Мамандардың айтуынша, ПТР-тесттер вирустың бар-жоғын анықтайды. Ал экспрес-тест ағзада вирусқа қарсы антидененің бар-жоғын айқындауда қолданылады. Адамның ағзасында антидене ауырып болғаннан кейін пайда болады. Демек экспрес-тест ауырып болғаннан кейінгі диагностикада қолданылады. COVID-19 диагностикасына экспрес-тесттер жарамайды.

P.S.: Қазақстан коронавирусты анықтауға арналған тест үлгілерін қай елдерден қандай құжаттық келісімшарт негізінде сатып алады? Шетелден әкелінген және сатып алынған тест үлгілерінің маркалық ресми атаулары мен саны, бюджеті; гуманитарлық көмекпен келген тест көлемі және қай өңірлерге қалай үлестірілгені; күзде сынаманы тегін тапсыра алатын әлеуметтік осал топтар, ақылы тест жүргізетін клиникалар, ПТР және экспресс-тест бағаларының мемлекет бекіткен және еркін нарықтағы айырмашылығы туралы ДенМин жауабына байланысты ақпарат жариялайтын боламыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Естуші мемлекет» тұжырымын саяси ұстанымы санайтын президент Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан Үкіметінен аталған мәселелер жөнінде жолданған ресми сұрау хатымызға жауап күтеміз.

"The Qazaq Times"