Сүрияның (Сирия) химиялық шабуылына жауап ретінде АҚШ-тың Сүрия әскери базасын бомбылауы, Дональд Трамптың Барак Обаманың ұстанған «жұмсақ» саясатын жалғастырмайтынын тағы бір дәлелдеді.

Естеріңізде болса 2013 жылы Обама «Башар Асад режимі шектен шығып барады» - деп қатты сынағанымен, іс жүзіне келгенде еш нәрсе жасамаған еді. Ал Трамп болса, өзінің дипломатияға қарағанда, қаруға көбірек жақын екенін байқатты. Қытай басшысы Ши Жинпиңмен кездесуінде де Дональд Трамп, Асадтың химиялық қару қолданғандығын бассыздыққа балап, ресми Бейжинге сес көрсеткендей  әсер қалдырды. Байқасақ Қытай, АҚШтың Сүрияны бомбылау әрекетіне ешқандай үн қатқан жоқ. Ал  Ақ үйді, Барак Обама басқарып тұрған кезде, Қытай өзінің көзқарасын білдіруден тайсалмайтын.

2013 жылғы келіссөздердің арқасында Обама «Сүриядағы химиялық қарулардың көбісінің көзі жойылды» - деген еді. Алайда осы күнге дейін Башар Асад жергілікті оппозиция мен «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы химиялық қаруды қолданып келген. Асадтың бұл іс – әрекетіне Трамп, Обама сияқты келіссөз арқылы емес, бомбылау арқылы жауап қатқанды жөн көріпті. Қалай десекте Обама, Трамптай батыл шешімдер қабылдаудан көрі, келіссөзге, дипломатияға жақын еді. Қазіргі Трамптың саясаты Обамадан қарағанда, Владимир Путиннің саясатына көбірек ұқсайды.

“The Qazaq Times”