Сейсенбі күні Қазақстанда 75 адамнан коронавирус, 299 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. Екеуін қосқанда 5 қазақстандық (U07.1 – 3, U07.2 – 2) қайтыс болған.
Республика көлемінде COVID ең көп науқас тіркелген аймақтар – ШҚО (22), одан кейін астана (16). ДенМин мәліметінше, барлығы 107 908 адам ауырған, оның 102 мыңнан астамы емделген. Бірақ дерттің себебінен 1731 адам өмірден өткен.
Биыл жазда «маусым-шілде қырғынына» жол беріп алған Үкіметтің дерегінше, қазіргі таңда ковид жұқтырған 3 303 адам (1 881 – ауруханада, 1 422 – амбулаторлық бақылауда) емделіп жатыр. Арасында 56 жасөспірім-бала бар. Жағдайы нашарлаған 90 науқастың 14-інің ахуалы тым ауыр. 21 науқас өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандар 33 мыңға, 13 наурыздан бері билік мойындаған COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 108 мыңға жуықтаған.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 140 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2660-ы (КВИ+ / U07.1 – 1 731, КВИ- / U07.2 – 353, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.