27 қыркүйекте елде 52 адамнан COVID-19 инфекциясы, 38 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Бір күнде 4 адам қайтыс болған. Қазақстанда науқастанғандардың ресми есебі 140 265-ке жетті.
Жарты айдан бері Шығыс Қазақстан облысы ковид таралуы бойынша бірінші қатарда тұр. Жексенбі күні өңірде да 14 коронавирус жағдайы анықталған. Басқа аймақтарда тәулік ішінде тіркелген кейстер саны оннан аспайды.
Вирус қарқыны кейінгі күндері бәсеңдеген Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында ешбір жағдай тіркелмеген. Мұның себебі сенбі-жексенбі күндері медициналық құрылымдардың негізгі құрылымдарының жұмыс істемеуі болуы мүмкін.
Қыркүйектің 27-сі күнгі Үкімет дерегінше, 3 кісі коронавирустан қайтқан. Емделіп жатқан 3,3 мың адамның 1827-сі ауруханаларда, ал 1487 науқас амбулаторлық бақылауда. Олардың 46-сы өскіншек бала. Сондай-ақ, жағдайы ауыр 94 науқас бар. Оның 15-сі тым ауыр хәлде жатыр. 23 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Өткен күні коронавирус пневмониясына шалдыққан бір адамның жағдайы оңалмай, өмірден өткен. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі аурудың күнделікті кейстерін аймақтар бойынша жарияламайды. Әйтпесе, екі дерттің этиология-клиникасы бір, ДДСҰ екеуін бірге қарастыруға нұсқайды. Дегенмен ведомство екі диагнозды алалап қарайды. Коронавирус пневмониясына шалдыққандар туралы билік тұщымды ақпарат бермейді. Ешбір ресми ресурста коронавирус сияқты ауырғандардың саны, аймақтардағы үлесі, клиникалық жағдайы, жас құрамы индиктарорлары туралы мүлдем жарияланбайды.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 32 490 адамның 27 мыңнан астамы жазылған. 13 наурыздан бері билік мойындаған 107 775 науқастың 102 мыңдайы айыққан.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 140 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептеп келеді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2 651-і (КВИ+ / U07.1 – 1 725, КВИ- / U07.2 – 350, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Коронавирус дерегінде, тіпті коронавирус пневмониясынан қайтқандардың санында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірақ коронавирусты күнделікті тіркеу тәжірибесі қалыптасқан Қазақстан үкіметі пневмонияға шалдыққандарды есепке алуда «демала қояды». Сенбі мен жексенбі күнгі айырма – 6 есе. Ресми дерекке қарағанда, 26 қыркүйек 229, ал 27-сі күні 38 науқас анықталған. Күзгі толқынға «тас-түйін, 100% дайын» екенін сүйіншілей хабарлаған министрлік коронавирус пневмониясы туралы ақпарды кем-шетін жариялайды. Президент Тоқаевтың тапсырмасы аясында «ащы да болса шындықты айтып, ақпаратты біріздендіруі» тиіс Алексей Цой мен оның көмекшісі Бағдат Қожахметов екі ай бұрын құрылған Ақпарат-медиа орталығының жұмысын әлі күнге дейін жолға қоя алмай отыр. Тіпті ДенМин өткір сұрақтар қоятын төртінші билік саналатын дәстүрлі БАҚ-тан гөрі әлеуметтік желіде танымал блогерлермен әріптестікті бірінші орынға қоятынын жасырмайды.