22 қыркүйекте Қазақстанда 76 адамнан коронавирус, 364 адамнан пневмония анықталған.
ДенМин дерегінше, коронавирус жағдайының ең көбі он күн қатарынан Шығыс Қазақстан облысында 28 адамнан табылған. Өңірдегі жағдай басқа аймақтарға қарағанда өршіп тұр. Астанада да 20 науқас табылған.
Қазіргі таңда елде 3524 адам емделіп жатыр. Оның 1868-і стационарда, 1656-сы амбулаторияда.
Жағдайы қиын 101 науқастың 14-інің ахуалы қатты нашарлаған. Сондай-ақ, 20 адам өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Сонымен қоса, сейсенбі коронавирус пневмониясына шалдыққан 364 адам тіркеліпті. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс шыққанымен, коронавирус салдарынан асқынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзінде тұрған жоқ. Әлі күнге дейін коронавирус пневмониясының өңірлердегі динамикасын біле алмай келеміз.
Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 107 мыңнан, ақөкпеге асқынғаны 31 мыңнан асты. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 139 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептеп келеді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2,6 мыңнан артығы (КВИ+ / U07.1 – 1707, КВИ- / U07.2 – 345, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.