Еуроодақ саммиті алдында ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Беларуське қарсы санкциялар қабылдау, Алексей Навальный төңірегіндегі ахуал және Ливиядағы жағдайды талқылады. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Одақ құрамындағы елдердің басым бөлігі Беларусьтің ресми өкілдеріне санкция енгізуді қолады. Бірақ Кипр мемлекетінің ұстанымы кедергі келтіріп отыр. Бұл ел басшылығы өз аумағы санайтын Жерорта теңізінің бөлігінде Түркияның геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанына наразы. Сондықтан бұл тарап «Анкараға қарсы жаза қолданылмаса, Минскіге санкциялар енгізуді қолдамаймыз», дейді.
Бұл жөнінде пікір білдірген Кипр Сыртқы істер министрі Никос Христодулидес: «Басты құндылықтарымыз бен қағидаттарымызды бұзған елдерге ұстаным бірдей болуы керек. Бірін жазалап, бірін шарасыз қалдыруға болмайды. Дипломатияда тығырыққа тірелмеуіміз керек деп санаймын. Мен Гимнихте өткен Еуроодаққа мүше елдердің бейресми кездесуінде қабылдаған саяси шешімді жүзеге асыруға дайынмын», – дейді.
Тараптардың пікірлері ортақ болмағандықтан, Беларуське санкция енгізу мәселесі тағы кейінге шегерілді. Ал Беларусь оппозициясының өкілі Светлана Тихановская Лукашенко мен оның тобына (заңды және жеке тұлғалар) қарсы қатаң қаулы қабылдауды ұсынып келеді.
9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.
Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған.
Елдегі ахуалдан кейін Еуропалық одақ пен АҚШ Беларуське санкция енгізу мәселесін қарастырған. Санкция 21 қыркүйекте күшіне енуі тиіс еді.


















АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді
Йемен соғысының жаңа кезеңі: оңтүстіктегі қақтығыс және аймақтық державалардың ойыны
Қағаздағы пациенттің өмірдегі жағдайы: Үнсіз әрі алпауыт эпидемияға қарсы күресте қазақстандық АББ-ның қауқары мен кемшілігі