Қазақстан қоғамында жеке тұлғалардың қылмысы азайғанымен, бірақ шенеуніктер жиі ұрынатын ұйымдасқан экономикалық қылмыс кейінгі бес жылда болмаған көрсеткішке жеткен.

21 қыркүйек, дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы мониторингі комиетінің  профилактика жұмысы және бақылау басқармасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі Ерден Жұманың мәлімдеуінше, биыл қаңтар-тамыз аралығындағы сегіз айда 1,4 мыңдай  экономикалық қылмыстық іс қозғалған. Оның жартысы ауыр және аса ауыр қылмыстар. Нәтижесінде қайтарылған сомасы 20 пайызға артып, әзірге 33 млрд теңге болған.

Белгілі бір қызмет атқармайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің есепшоты арқылы екінші деңгейлі банкттерден қаражатты заңсыз шешкен 60-тан астам ұйымдасқан қылмыстық  топ анықталды. Олар 1200-ден астам бақылаусыз компания құрған. Сол арқылы 2 трлн теңгеден астам ақшаны қолды еткен.

Жуырда Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов биылғы сегіз айда өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда жасалған қылмыстық заң бұзу­шы­лықтар саны 35%-ға (былтыр – 174 мың, биыл – 113,6 мың) азайғанын хабарлаған.

«Елімізде тіркелетін қылмыстық құқықбұзушылықтар саны азайды. Осы жылдың 8 айында қылмыстық құқық бұзу дерегі өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға азайды. Ұрлық дерегі 52 пайызға, қарақшылық 50 пайызға, бұзақылық 46 пайызға қысқарды», – деген Ахметжанов 8 қыркүйек күні ОртКомда өткен баспасөз мәслихатында.

Осылайша ірі ойыншылар мен заңды тұлғалардың араласуымен жүзеге асатын экономикалық қылмыс өршіп тұр.

"The Qazaq Times"