АҚШ Әділет департаменті кеше қытайлық хакерлік ұйымның кибер-шабуылдарына қарсы үйлестірілген және ауқымды шараларын жария етті. Нәтижесінде, бес қытайлық хакер жауапқа тартылған және оларға көмектесті деген айыппен екі малайзиялық кәсіпкер қамауға алынған. Әділет департаменті бұл хакерлердің кибер шабуылдарын тоқтату үшін Microsoft, Facebook және Google сияқты жоғары технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орнатып жатқанын мәлімдеді.
АҚШ Бас Прокурорының орынбасары Джеффри Розен кешегі баспасөз конференциясында «Advanced Persistent Threat 41 (APT 41)» деп аталатын хакерлік топтың зиянды кибершабуылдарына қарсы «үйлестірілген және ауқымды іс-қимылдар» жасайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы адымда 3 сот ісі қозғалған, қытайлық бес азамат комьпютерлерді бұзғаны үшін айыпталған, ал екі малайзиялық азаматқа хакерлік мақсаттарды орындауға қолдау көрсеткен және хакерлер табысын сақтаған деген айыптар тағылған.
АҚШ жағынан жауапқа тартылған қытайлықтар APT 41 атты хакерлік топтың мүшелері. Әділет департаментінің мәліметіне қарағанда, олар әлемнің әр түкпіріндегі түрлі сала өкілдерінен жүздеген нысанаға шабуыл жасаған, өкінішке орай олардың шабуыл нысанына айналған әлі де анықталмаған жеке тұлғалар мен компаниялар көп. Олар электронды ойындарды жасаушы компанияларға шабуыл жасап, олардан ұрлаған технология табыстарын қара нарықта сатып отырған.
Айыпталған бес қытайлық хакерлер: Жаң Хауран, Таң Дайдин, Чян Чуан, Фу Чияң, Жияң Лижы.
АҚШ тарабы APT 41 хакерлік топты Қытайдың соңғы жылдары іске асырған ең ірі кибер-тыңшылық жобасы деп санайды. Олардың әлеуметтік желілерге, төлем бағдарламаларына шабуыл жасау, жәбірленушіден төлем талап ету секілді әрекеттерінен АҚШ, Аустралия, Бразилия, Германия, Үндістан, Жапония және Швецияда қатарлы елдердегі компаниялар зардап шеккен.