Жұма күні ОртКом алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми уәкілі Бағдат Қожахметов бүгінгі эпидемия ахуалы туралы ресми мәлімдеме жасады. 

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзекті мәселелері: Күзгі-қысқы кезеңдегі КВИ және жұқпалы аурулардың алдын-алу бойынша эпидемияға қарсы шаралары туралы» тақырыында өткен баспасөз жиынында «ерікті» ресми өкіл коронавирус жұқтырғандарды симпомды-симптомсыз деп бөліп қарастыруды тоқтатқанын хабарлады.

Вирус жұқтырғаны ПТР тесті арқылы расталған 106 661 адамның 94,1%-ы айыққан. Сонымен қоса, 15 қыркүйектен бастап екі ай бойы азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханаларға өз еркімен тіркелуге мүмкіндік жасалады.

ДенМин өкілі Үкімет атынан тұмау маусымына тұспа-тұс келуі ықтимал күзгі толқында бір мезетте 70 мың төсек-орынмен (оның 3 мың жансақтау бөлімінде – QT) қамтуға уәде берді.

«Денсаулық сақтау министрлігі жаңа толқынға дайындық 100%-ға жақындап қалды. Аппараттар, төсек-орындар, мобильдік бригадалар, емханалар мен ауруханалар, дәрі-дәрмек қоры барлығы қамтамасыз етілді. Бәрі дайын», – деді Қожахметов.

Брифингке қатысқан Ұлттық денсаулық сақтау орталығы инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекеновтің айтуынша, жылына 500 мыңнан 1 миллионға дейін адам ЖРВИ ауруларына шалдығады. Бұл эпидмаусым қазан және мамыр айларының аралығында жүреді. Сондай-ақ, маман коронавирус штамы мен елдегі қалыпты үш штамды тұмаудың клиникалық белгілері өте ұқсас екенін айтады. Сондықтан қандайда бір симптом байқала сала учаскелік дәрігерге қаралған жөн.

«Жыл сайын Қазақстанда қазан айынан бастап халықтың 10%-дан астамы вакцинацияланады. 2020 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол +» вакцинасының 2 млн астам дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында А(H3N2) және А(H1N1) және В тұмауы штаммдарының антигендері бар. Екпені ақылы түрде адамның тұрғылықты жеріне жақын Алғашқы медициналық көмек көрсету орындарында, емханада немесе басқа да медициналық орталықтарда жасатуға болады. Қазақстанда жыл сайын жасалатын екпелер Францияда, Ресейде өндірілген. Жалпы, өз қаражаты есебінен екпе салу, СК-Фармацияның ақпаратынша, 2200-ден 4500 теңге аралығында тұрады. Қазіргі кезде халықтың 10 пайызы екпемен бюджет есебінен қамтылып отыр», – деді Ж.Бекенов.

Журналистің сұрағына жауап берген Бекенов тұмауға қарсы вакцинаның нарықтағы бағасы 2100-4000 теңге аралығында тұрады. 2 миллиондай дозасы әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға тегін егілмек.

"The Qazaq Times"