«Қыстың қамын жазда ойла» – Еуропа Одағы індеттің екінші толқыны жаңа қорқыныш тудыруы мүмкін деп күтілген алдағы қыс мезгіліне дайындық көріп жатыр. Еуропаның тізгін ұстаушылары «Карантинсіз қыс» жоспарын дайындауда. Яғни, жаздағы карантин шараларынсыз, індетпен қатар қытымыр қыстан шығудың өзге жолдарын таппақ.

Карантин шаралары індеттің жайылуын азайтатын өнімді шаралардың бірі болғанымен, қоғамға және экономикаға ауырлықтар алып келді. Сондықтан да, экономикалық өсімді қатты қадағалап отыратын Еуропа елдерінің лидерлері толықтай оқшаулау шарасын қабылдамай-ақ, вирустың таралуын шектейтін жаңа тәсілдерді табудың маңыздылығын баса айтып отыр.

Не дегенмен, әлем халқы вируспен қатар өмір сүруге үйрене бастады десе де болады. Бетперде кию, әлеуметтік аралықты сақтау, жеке және әлеуметтік орнатың тазалығына көңіл бөлу, мүмкіндігінше онлайн жұмыс істеуге өту секілді. Бірақ, соның ішінде еуропалықтардың жаңа сынаққа тағы да ертерек беймделгенін көріп отырмыз. Вирустың таралуын шектейтін қарапайым тәсілдерді жалпыластыруда да Еуропа елдері өзінің үлгісін көрсетті. Ең қызу қанды еуропалық саналатын испандар мен италиялықтар да жаңа салттарға көндіге бастағандай. Ең бастысы медицинасы ауыр сынақтан жауыр болса да өтіп шықты. Сондықтан, енді Еуропа елдері індеттің екінші толқынынан шведтердің жолымен жүріп өтеміз десіп отыр.

Індеттің алғашқы толқыны келіп соққанда Еуропа Одағына мүше 27 ел бір-бірімен шекарасын жауып, тас-түйін бекінген еді. Нәтижесінде бұдан ЕО экономикасы ауыр соққы алып, бір ғана жазда 1 трлн евро жоғалтты. 8 пайызға төмендеген өсіммен әлемдегі экономикалық құлдырау жағынан Америкадан кейінгі екінші орынға жайғасты. Еуропадағы қызмет өтеу кәсібі 16,4 пайызға қысқарып, туризм болса 75 пайызға дейін тоқырауға ұшыраған.

Осыдан кейін Еуропа екінші толқын індетке карантинсіз дайындалуға шешім қабылдап отыр. Ол үшін Еуропаның тағдыры жекелеген еуропалықтардың қолында болмақ. Айталық, жеке адамдардың қауіпсіздік ережелерін орындауы тұтас қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етпек. Сол арқылы экономикалық құлдыраудың алдын алуға тырысып бағуда.

"The Qazaq Times"