Өткен аптада дерттен 68 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен коммуникацияға жауапты ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің ізі белгісіз шала ақпараты журналистерді әуреге салды. Ол коронавирустық пневмонияның аймақтардағы дерегін жарияладық десе де, бұл мәлімет coronovirus2020.kz сайты мен ДенМин ресурстарының ешбірінде жоқ. Ең қажетті екі сайт ең баяу жаңаратын күйге түсті. Министрдің бір сөзі мың түрленді. Неге? 

Қыркүйек айы басталғалы бері 500-ге тарта адам коронавирус, тағы 2 мыңнан астамы ковидтік пневмония жұқтырғаны анықталған. Осы айдың алғашқы алты күнінде ПТР тестімен расталған науқастардың арасында 40 науқас, дерті ақөкпеге асқынған 22 пациент қайтқан.

Ресми статистикаға сенсек, өткен аптада, 31 тамыз-6 қыркүйек аралығында КВИ+ диагнозы бойынша 46, КВИ- диагнозы бойынша 22 адам көз жұмған. Сонымен бірге, бір аптада 2 614 адамның дертке шалдыққаны белгілі болған. Дегенмен бұл деректердің тәуліктік бөлінісін  шынайы деп толықтай айтуға келмейді. Себебі елдегі медицина ұйымдары мен министрлік демалыс күндері (сенбі-жексенбі) ауруды тіркеу, қабылдау жұмысын бәсеңдетеді. Мұны күнделікті статистикадан көруге болады. Әр аптаның ақырына қарай есеп күрт кеміп отырады. Ал бұл жауапты мекемелер мен ведомствоның пандемия шартына сәйкес штаттық режимде жұмыс істемейтіндігіне тікелей байланысты.

Үкімет жолға қоя алмай келе жатқан тағы бір өзекті мәселе – ковидтік пневмонияның аймақтарға таралуы туралы ақпараттың жоқтығы. Қазақстан  13 наурыздан бері коронавирус жұқтырғандардың өңірлер мен қалалардағы санын үзбей жариялап келеді. Бірақ «маусым-шілде қырғынында» талай отбасына қайғы әкелген коронавирустық пневмонияның аймақтық атласы министрдің уәдесіне қарамастан жолға қойылмай келеді. 3 тамыз күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, 10 тамыз ДенМиннің ресми өкілі Бағдат Қожахметов, 26 тамыз оның көмекшісі Ербол Мәндібек міне-міне деумен неше мәрте сөз берген. Тіпті «ашықтық пен шынайылықты» жиі алға тартатын Қожахметов көпшіліктің көзінше  «бұл туралы жариялағамыз, министрлік бәріне ашық» деп қуақылыққа салып келеді. Десе де, ведомствоның сайты мен ресурстарының ешбірінде коронавирустық пневмонияның аймақтардағы көрсеткіші туралы дерек жоқ. Өзінен сұрасақ, ескі деректерді ұсынып, сілтемесін жолдай алмады. Өйткені ресми мәлімдемесінде айтқандай жарияланбаған.

4 қыркүйек күні өткен брифингте «Бұл ақпарат бар. Неліктен сіздің қолыңыз жетпей тұрғанын түсінбей тұрмын. Негізі бұл ақпарат бар, ашық түрде жарияланған. Пресс-брифинг біткен соң хабарласып, сілтемесін беретін боламыз» деген ресми өкіл іске келгенде тосырқады.

Қыркүйектің 5-і күні ДенМиннің ресми өкілі Бағдат Қожахметов редакция сауалына 1-22 тамыз күндергі деректі жолдапты. Бүгінгі таңда маңызы жоқ деректі неге жібергені белгісіз. Тоқаев көп сөз тетін «Естуші мемлекеттің» ең естиярымын деген кадрлары БАҚ институты, халықпен осылай жұмыс істеп келеді.

35 күн ілгері, тілшілер алдына соңғы рет шыққан күні ДенМин басшысы Цой аймақтардағы коронавирустық пневмонияның көрсеткіші дайын екенін және сол аптада-ақ тұрақты түрде жариялауды жолға қоюға сөз берген.

«Аймақтардағы көрсеткішін сайтымызда жариялаймыз. Тап қазір қолымда бар. Негізі мұндай көп цифры бар материалды электронды не қағаз түрінде жариялаған дұрыс деп ойлаймын. Осы аптада жариялап, көрсетеміз», – деген министр 3 тамыздағы ОртКом брифингінде.

Бірақ 24 тамыз күнгі баспасөз жиынында Қожахметов министр берген уәденің дедлайнын коррециялады. «Иә, өкінішке орай, дәрігерлер ПТР тесті теріс көрсеткен науқастарды дерекқорға енгізу механизмін әлі де үйреніп жатыр. Алдағы 2-3 апта ішінде не бір айда бұл ақпаратты апта сайын беріп тұрамыз. ...Мүмкін ол кісі бір аптада жолға қойылатын шығар деп үміттенген шығар», – деді ол.  Ал өткен жұмадағы брифингте сайтқа жариялап отырмыз деп ағынан жарылды.

1 тамыздан жариялана бастаған жаңа форматтағы статистикаға Қазақстан үкімет 11-30 шілде аралығында жиырма күндей дайындалған. Алайда жаңартылған есепке айдан асса да жүйелі жолға қойылмай келеді.

Қазақстанда пандемия кезінде билік мойындаған ауру жағдайы (U07.1+U07.2)  134 мыңнан асты. Індеттің кесірінен өмірден өткен қазақстандықтардың саны – 1 948 (U07.1+U07.2).  Мұның сыртында 556 адам коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандар ретінде жалпы санаққа енгізілмеген. Айтпақшы, осы 556 кейсті білуге тілшілер самарқау ведомствомен 44 күн айтысып-тартысқан. Пандемия модераторы ДенМиннің «мобильді шапшаңдығының» сиқы осы.

;feature=emb_title

"The Qazaq Times"