Беларусь президенттігіне үміткер болған Светлана Тихановская БҰҰ-дан республикаға бақылау миссиясын жіберуді сұрады. Аталған мәселе «Аррия формуласы» бойынша дүниежүзілік ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің бейресми отырысында талқыланды.
Тихановская баяндамасында «Біз БҰҰ-ны елдегі ахуалды реттеу үшін Беларуське бақылау миссиясын жіберуді сұраймыз. Барлық саяси тұтқындарды тез арада босатуды талап етеміз. Осы уақытқа дейін Сергей Тихановский, Виктор Бабарико, Павел Северенец, Ольга Ковалкова, Сергей Дилевский, Микола Статкевич және тағы оншақты азаматтық қоғам белсенділері қамауға алынған», – деді.
Сондай-ақ оппозиционер Беларусь билігінен оппозицияны үйлестіру кеңесінің мүшелері – Светлана Алексиевич, Ольга Ковалкова, Павел Латушко, Сергей Дылевский, Мария Колесникова, Максим Знакқа қысым көрсетуді тоқтатуын талап етті.
Беларусьтегі жағдай бойынша кездесу «Аррия формуласы» аясында өтіп жатыр, яғни ол бейресми жиын саналады. Процесс Венесуэла елшісі Диего Аррианың есімімен аталған. Бұл тәжірибе 1992 жылы басталған.
Қауіпсіздік Кеңесінің кез келген мүшесі, қоғам қайраткерлері немесе ҮЕҰ спикерлері аталған форматтағы мәжілістерді ұйымдастыра алады. Басқа мемлекеттер бұл кездесуге тосқауыл қоя алмайды, бірақ ол Қауіпсіздік Кеңесінің палатасында өткізілмейді. Ешқандай қарар немесе басқа ресми құжаттар жасалмайды. Кеңестің басқа мүшелері, егер қаласа, отырысқа қатысудан бас тарта алады.
Беларусьтегі жағдайды талқылау осы кеңестің биылғы тұрақты емес мүшесі Эстонияның бастамасымен өтіп жатыр. Кездесуді Эстония Сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу басқарады.
9 тамызда Беларусьте президент сайлауы өтті. Орталықсайлау комиссиясы қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80,10% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Оның басты бәсекелесі, оппозиция атынан қатысқан Светлана Тихановская 10,12% дауысқа ие болды.
Тихановская сайлау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Экзит-полдың нәтижелері 9 тамыз кешке жарияланғаннан кейін Минсктің орталығында және республиканың кейбір басқа қалаларында жаппай наразылық басталды. Шеруге шыққандарды құқық қорғау органдарының қызметкерлері соққыға жығып, көз жасаурататын газ қолданған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, митингтер кезінде 6 мыңға жуық адам ұсталды, ондаған полиция қызметкерлері мен демонстранттар жарақат алды.