Еуропадағы бірқатар елдер пандемия салдарынан экономикалық рецессияға ұшырады. Германия, Ұлыбритания, Испания, Италияда ахуал нашарлаған. Биыл екінші тоқсанда АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі өткен тоқсанға қарағанда 9,5%-ға, Еуроодақта 12 %-ға төмендеген.
Британ үкіметінің болжауынша, 2020 жылы бюджеттік дефициттің көлемі рекордтық 322 миллиард стерлинг фунтына жетпек. Ел премьер-министрі Борис Джонсон: «Мен барлық жауапкершілікті мойныма аламын. Бастысы, өзім басшылық еткен уақыт аралығында және пандемия кезінде біз жетістікке жеттік. Жағымсыз пікірлерге қарамастан, біздің балалар мектепке барып, халық жұмыс орындарына қайта оралып жатыр. Біз алдымен мемлекеттік органдардың шығындарын азайтамыз, салықты көбейту мәселесін одан кейін ғана қолға аламыз», – дейді.
Италияның жалпы ішкі өнім 12,8%-ға төмендесе, Испания экономикасы 18,5%-ға азайған. Коронавирус індетінен ең бірінші болып әрі ең қатты зардап шеккен де осы ел. Карантин режимінен туризм саласы тұралап қалды. Жағдайды тұрақтандыру үшін үкімет Еуроодақ қорынан 140 млрд еуро мөлшерінде қаржылай көмек алмақ ниетте. Бұл сома аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті кәсіпорындарға демеу көрсету үшін жұмсалады.