Батыс елдері мен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы бірқатар елдер жаңа НАТО ұйымын құрды десе де болады. Бұлар Қытайдың аймақтағы күн санап артып келе жатқан қатеріне қарсы біріккен әрекеттер алып баруда. Алайда, Қытайда өз кезегінде өңірдегі стратегиялық жүрістерін жиілетті. Бейжің мен Исламабад арасындағы қорғаныс және экономикалық ынтымақтастық тереңдей түсуде.

Өткен апта соңында Қытай әскери өнеркәсібі Пәкістанның теңіз күштеріне арнап жасаған әскери кемені суға салды. Бұл Қытайдың Пәкістанға жасап беруге уәде еткен заманауи озық әскери техникалармен жабдықталған 4 әскери кемесінің алғашқысы.

Шанхайда теңізге шығарылған 054A / P фрегаты. Фото; VOA.

Пәкістан Әскери-теңіз күштері жексенбідегі мәлімдемесінде: «Қытайдың мемлекеттік кәсіпорны «Хоу Доң Жұңхуа» кеме жасау зауытында жасалған 054A / P типті фрегат Шанхайда салтанатты түрде теңізге шығарылды. Оған Пәкістан Әскери-теңіз күштерінің жоғары лауазымды тұлғалары қатысты», – деген. Сондай-ақ: «Бұл кемелер бізге қарасты теңіз айдындарындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға үлкен септігін тигізеді», – дейді Пәкістан Әскери-теңіз күштері мәлімдемесінде.

Мәліметке қарағанда, бұл кемелер заманауи жер үсті, су асты және әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникаларына ие жетілдірілген фрегаттар. Суға салынған жаңа фрегаттың жасалу құны туралы мәлімет жоқ. Дегенмен, осыған ұқсас әскери кемелерді өндіруге 350 млн АҚШ долларынан астам қаржы кететінін межелеуге болады.

Қытай әскери өнеркәсібі өндірген 054A / P фергаты. Фото: Шинлаң.

Қытай өндірген әскери кеменің іске қосылуы Қытай мен Пәкістанның ортақ қарсыласы саналатын Үндістанмен арадағы шиеленіс күшейіп тұрған тұсқа тұс келді. Бұның осы бұл оқиғаның саяси, әскери мәнін тереңдете түсті. Пәкістан тарабы Қытайда жасалып жатқан кемелер толықтай пайдалануға берілгеннен кейін Пәкістан Әскери-теңіз флотының ең ірі және технологиялық жоғары мүмкіндікке ие платформаларының біріне айналатынын айтуда. Бұл Пәкістан теңіз күштерінің қуатын жоғарылата түспек.

054A / P типті фрегаттар қазір Қытай Әскери-теңіз күштерінің негізгі тірегі саналады. Қытай тарабының жоспары бойынша 2021 жылы қалған үш әскери кеме Пәкістанға беріледі. Қытай мен Пәкістан бұған қоса JF-17 көп функциялы истребительдерді шығарады. Бұл екі ел қорғаныс ынтымақтастығының тым терең екенін түсіндіреді.

“The Qazaq Times”