Қазақстандағы пневмония ауруының кейінгі бес жылдағы ресми есебі мен биылғы статистиканың айырмашылығы қандай? Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған тың деректер. 

ДенМин ведомствосының ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің редакцияға берген ресми мәліметіне қарағанда, 2015 жылдан бергі пневмония жағдайы жыл сайын 18-35 мыңның арасында өсіп отырған. Вице-министр Людмила Бюрабекованың берген жауабында «өмірінде алғаш пневмония дертіне шалдыққандардың саны» айтылған:

  • 2015 жылы – 78 755 пневмония жағдайы;
  • 2016 жылы – 95 631 пневмония жағдайы;
  • 2017 жылы – 129 179 пневмония жағдайы;
  • 2018 жылы – 129 443 пневмония жағдайы;
  • 2019 жылы – 133 482 пневмония жағдайы.

Бірақ халыққа қызмет етуші үкімет қызметкері соңғы  жылдары ауру жағдайы неліктен өршігенін түсіндірмеген.

Екі апта дайындалып, бес шенеуніктің қолынан өткен ресми жауап хатта редакция сұратқандай 2010 жылдан бергі емес, «ақпараттық жүйенің 2015 жылдан бастап жұмыс істеуіне» байланысты тек өткен бес жылғы дерек көрсетілген.

2015 жылдан бергі Қазақстан Республикасында пневмония дертімен ауырған науқастардың саны туралы ДенМин дерегі. Кесте: QT

Ведомство мәліметінше, 2015-2019 ж.ж. есеп «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК «Емхана» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің, ал биылғы (2020 ж.) дерек «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК «Төлем жүйесінің амбулаториялық-емханалық көмегі» ақпараттық жүйесінен ұсынылған.

Қазақстан Үкіметі СOVID-19 коронавирусы және осыған ұқсас пневмонияға шалдыққан науқастар туралы статистиканы 17 шілдеден бастап жаңа форматта бірігіп жариялауға шешім қабылдаған. Алайда «маусым-шілде қырғыны» басылып, індеттің қарқыны бәсеңдеген соң ғана 1 тамыздан жаңа есепке көшті. Әлде де ДДСҰ-ның дерекқорында бірігіп жарияланғанымен, Қазақстан екі ауруды екі бөлек ұсынып келеді. Неге денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашында уәде еткендей біріктіріп жарияламасқа деген сауалға министрліктің ресми уәкілі  Бағдат Қожахметов калькулятордың көмегіне жүгінуге кеңес береді.

ДДСҰ Аурулардың халықаралық жіктемесінің 10-нұсқасына қаңтар айында енгізген кодын  Қазақстан тамызда бір-ақ қолдана бастады. Зертханада ПТР тесті арқылы расталған СOVID-19 жағдайы «U07.1», ал тест вирусты көрсете алмаған коронавирусқа ұқсас пневмония «U07.2» кодымен белгіленеді.

ДДСҰ тамыз айының 8-інен бері Қазақстандағы коронавирус пен оның пневмониялық түрін бірге жариялай бастаған. Елде клиника-эпидемия белгілері бар пневмония ауруы коронавируспен қоса есепке алынады дегенімен әлі күнге дейін біріктірілген жоқ.  Ресми статистика бойынша, бүгінгі таңда U07.1 және U07.2 ауруларына шалдыққан қазақстандықтардың саны 126 243-ке жетсе, қайтыс болғандары 1745 болды.

Тамыз айы басталғалы бері елде 35 876 адам (КВИ+ 13 946, КВИ- 21 930) ауурып, 750-ге жуық (КВИ+ 500-дей, КВИ- 249) кісі қайтыс болған. 1745 өлімнің 750-дейі тамыз айында тіркелгеніне қарамастан Үкімет жағдайдың тұрақтанғанына сендіріп бағуда.

1 тамыздан бастап қолға алынған статистиканың жаңа форматы. Фото-кесте: QT

Биыл маусым-шілде айында пневмония былтырғы осы уақытқа қарағанда 12 есе көп тіркелді. 2019 жылғы маусым мен шілдеде – 16 309, ал 2020 жылы аталған мерзімде – 189 564 науқас анықталды. Бұл ауруханаға жүгініп, ресми есепке кіргені ғана. Министрлік бұған вирустың әсері болғанын мойындағанымен, айырмашылықты зерделеп-сүзудің техникалық қиындық туғызатынын алға тартып, бас тартты.

17 шілде күні министрлік пневмония мен коронавирусты біріктіруге уәде беріп еді, бірақ тек 1 тамыздан бастап қана есепке ала бастады. Былтыр жеті айда 71 791, ал биыл қаңтар-шілде аралығында 255 386 адам пневмонияға шалдығып, 3,5  есеге артқанын көре тұрып министрліктің жалпы статистикаға енгізбегені қоғам арасында қарсылық пікірді күшейтті.

   "The Qazaq Times"