Армения төтенше жағдайды тағы бір айға ұзартпақ. Бұл туралы ел вице-премьер Тигран Авинян хабарлады.
Арменияның үкімет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайды әлі де күрделі деп санап, халықты босаңсымауға шақырып отыр. Ахуал нашарлауы мүмкін деп қауіптеніп отырған Никол Пашинян: «Елде соңғы уақытта байқалған оң динамика өзімен бірге жайсыз жаңалықтар да әкелді. Азаматтар көрсеткіштердің төмендеуінен эпидемияға қарсы ережелерді сақтамай, талаптарды бұза бастады. Көптеген адамдар «коронавирусты жеңдік» деп те ойлайды. Бірақ бұл мүлдем олай емес!», – деді.
Мәліметтер бойынша, Арменияда қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 40 мыңға таяп, соңғы бір тәулікте тағы 166 адам індетке шалдыққан. Қазір елде 350 адам аса ауыр халде жатыр.
Соған қарамастан, төтенше жағдайда енгізілген бірқатар шектеудің жақын арада алынады. Тигран Авинянның мәлімдеуінше, шетелдік азаматтардың елге кіруіне рұқсат етіледі. Сондай-ақ белгілі бір тауарлардың экспортына бірқатар шектеулер, митингтер және қоғамдық іс-шаралар өткізу мәселелері қайта қаралмақ. Бұл шектеулердің алынуы эпидемиологиялық жағдайға, оң динамиканың сақталуына және белгіленген ережелерді қалай сақтайтынымызға байланысты.