Ковид және коронавирустық пневмония аурулары туралы статистика кем дегенде 2-3 аптадан кейін бірктірілмек. Бұған дейін тағайындалғанына айдан асқан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықаралық ресурстарда екі код бойынша жиынтық есепті жариялауға небәрі 1-2 күн қажет деген еді.
Бұл туралы жұмада Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде министрлік өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.
«Шілденің ортасынан бастап деректерді енгізу бойынша дәрігерлерді даярлау және компьютерлік жүйені жаңарту бағытында жұмыс істеп келеміз. Біз 1 тамыздан бастап жаңартылған форматта күнделікті ақпарат беру жөніндегі сөзімізде тұрдық. Әрине, кемшілік жоқ емес, ресми мәліметті таңертеңгі 9-ға дейін жариялауға уәде еткен едік. Бірнеше күн бойы адам факторына байланысты түске қарай беріліп келді. Қазір дайындық процесі жүріп жатыр», – деді Қожахметов.
Сонымен қоса, ол қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі «күнделікті деректі өзара, теріс және оң анализ қорытындысын салыстырғаннан гөрі апта сайын жиынтық есепті салыстырған жөн» деген ұстанымда екенін жеткізді.
«Міне, осы арқылы біз 17 тамыз карантин аяқталғаннан кейінгі бағдарамызды шешетін шынайы жағдайды көре аламыз», – деп толықтырды жаңа министрдің жаңа өкілі.
Жарты айдан бері біріктіруге уәде беріп келе жатқан Қазақстан Үкіметі бұл жолы да «өз дедлайнын өзі ұзартып» алғандай. Статистика қашан біртұтас күйде жарияланады деген сауалға шенеунік «Кем дегенде екі не үш аптада, яғни әр аптаның дерегін салыстыру арқылы жалпы жағдайды көре алатын кезде ғана» деп жауап қатты.
«Ауырғандар туралы ақпаратты ДДСҰ-ға өткіздік. Ұйым мұнымен жұмыс істеп, өңдеп, есептейді. Содан соң Қазақстандағы жағдай халықаралық статистикада жарияланады. ...ДДСҰ-ға берілген мәлімет техникалық өңдеу сатысынан өтіп жатыр. Екі күнде көресіздер. Мұнда қандайда бір мәселе бар деп ойламаймын. Базаға енгізілген дерек халықаралық ақпараттық ресурстарда жарияланатын болады. Ешкім ештеңені жасырып не қашқақтап отырған жоқ», – деді министр 3 тамыз күнгі баспасөз жиынында.
Бұған дейін апта басында, 3 тамыз күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жиынтық статистика ұзағанда екі күнде жарияланатына сендіріп, уәде берген еді. Министрдің айтқан уақытынан кешігіп, үшінші күні өткен жиында екі күнде халықаралық дерекқор ресурстарында жарияланатыны айтылған. Бірақ ДДСҰ-ның ұсынысы әрі зайырлы елдердің ерте бастаған амалы бізде әдеттегідей тағы 14-20 күнге созылмақ.
Сонымен қатар, министр Цой осы жиында апта ішінде коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың аймақтық есебін жариялауға сөз берген. Алайда әлі күнге дейін бұл жөнінде толыққанды ақпарат берілмеді.