Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айы басталғалы бері зертханада расталған науқастардан бөлек ПТР сынамасы теріс, бірақ коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандардың статистикасын жариялай бастады. Дегенмен Қазақстан үкіметі жарты ай дайындалған жаңа форматтағы статистиканың кем-кетігі көп. Деректер дер кезінде сәйкеспейді немесе жаңармайды. Тағы...
Коронавирус (тестілеу арқылы зертханада нақтыланған) бойынша деректер:
- 1 тамыз – 1226 (669 симптомды/557 симптомсыз)
- 2 тамыз – 1069 (570 симптомды/499 симптомсыз)
- 3 тамыз – 1158 (603 симптомды/555 симптомсыз)
- 4 тамыз – 1062 (569 симптомды/493 симптомсыз)
Коронавирустық пневмония (тест теріс көрсеткенімен, – вирус клиникасы бар) бойынша деректер:
- 1 тамыз – 5181 науқас, 30 өлім
- 2 тамыз – 789 науқас, 21 өлім
- 3 тамыз – 276 науқас, 18 өлім
- 4 тамыз – 1799 науқас, 17 өлім
Жоғарыдағы мәліметке қарасақ, қайшылығы мен кем-кетігі көп. Себебі жоспардан үш күнге кешігіп өткен тамыздағы алғашқы брифингте, яғни дүйсенбідегі жиында министр Алексей Цой елде коронавирустың кесірінен қайтыс болғандар санын 1058 болғанын айтқан. Ал кейінгі күні үкімет отырысында көрсеткіш 1091-ге өскенін мәлімдеді. Демек бір күнде, 3 тамыз күні 33 адам өмірден өткен. Бірақ ведомство мен мемлекеттік комиссиягың ресми ресурсы www.coronavirus2020.kz сайтында ескі дерек күйінде. Сондықтан да халықаралық ашық дереккөздер 1058 өлімді көрсетіп тұр, әлі жаңармаған. Тағы бір мәселе, тамыздың 1-і 36 адамның қайтқаны ресми түрде хабарланды, десе де жексенбі күнгі жағдай бізге беймәлім. Сол себепті сарапшылар мен журналистерге тамыз айындағы өлім динамикасын бағамдау-талдау қиынға соғып отыр.
Бүгін, 5 тамыздың түн жарымында, сағат 2:23-те Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат көздерінде өткен тәуліктегі коронавирус және соған ұқсас пневмония дерегі жарияланды. Министрліктің мәліметінше, сейсенбіде 276 науқас және 18 өлім тіркелген. Дегенмен 3 тамыз күнгі дерек әлі күнге дейін белгісіз. Арадағы бір тәуліктегі жағдай қаланбай қалған қыштың кетік орнындай хабарланбауы ведомсвтоның ақпараттандыру қызметіндегі көп қателігінің бірі ғана.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұдан былай тәуліктік нәтижелер туралы ақпаратты күн сайын үнемі үзбей жариялап отырады. Барлық мәлімет ресми сайтта және ведмостваның әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы таратылады. Атап айтқанда, науқастардың жалпы саны жөнінде, қайтыс болу деректері туралы және де қоғам үшін маңызды ахуалдың барлығы ресми ақпарат тарату көздерінде жедел жарияланып тұрады. Ал, аймақтардағы ахуал туралы ақпаратты апта сайын Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі арнайы брифингте хабарлап тұрады», – делінген ведомство хабарламасында.
Сәрсенбі, бүгін сағат 10:30 шамасында ДенМин тәулік аяқталмай жатып мәлімет таратты:
«2020 жылғы 5 тамызда тіркелген коронавирустық инфекция белгілері бар пневмония бойынша ақпарат
Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 1 799 жағдайы және 17 өлім жағдайы тіркелді.
1 тамыздан барлығы: ауырғандар – 8054, 86 өлім жағдайы тіркелді».
Ресми статистикада коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың саны 8054-ке жеткені жазылған. Егер күнделікті жарияланған деректі, яғни дүйсенбідегі «белгісіз» мәліметсіз есептесек, 8045 кейс шығады. Сонда дүйсенбі күні небәрі 9 науқас тіркелген болып шыға ма? Бұл жағы әлі анық емес. Және бір назар аударатын жайт, 5 тамыз күнгі жағдай бойынша, КВИ оң шыққан, яғни инфекцияның кесірінен барлығы 1125 өлім деп көрсетілген. Денсаулық сақтау министрлігі аталған мәселелерге қандай да бір түзету не толықтыруға ниеттенсе, редакция жариялауға дайын екенін ескертеді.
Сондай-ақ айдың алғашқы және кейінгі күндеріндегі деректе байқалатын айырмашалық ондаған есе. Коронавирустық пневмонияның аз уақытта (үш күнде) 18 есеге кемуі көптің күмәнін туғызады. 5181 пневмония жағдайын апталық жиынтық деп қарастыруға келмейтін себебі онымен жапсарлас берілген өлім жағдайы тәуліктік көрсеткіш.
1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында былтырғыдан 3,3 есеге артық, нақтысы 256 мыңнан астам пневмония жағдайы тіркелген. Әлеуметтік желі қолданушылары мен сарапшылар көрсеткіштің бірнеше күнде айтарлықтай азаюын манипуляциямен байланыстырады.
Қазақстанда зертханада расталған 95 мыңға жуық адам (оның ішінде 8518 медицина қызметкері – QT) вирус жұқтырған, оның 1091-і инфекцияның тікелей себебінен, ал 319-ы жанама әсерінен қайтыс болған. Тамыз басталғалы бері коронавирустық пневмонияға шалдыққандардың ресми есебі 8 мыңның үстінде. Екеуін қоса есептегенде, 103 мыңдай (102 936) адам ауырған, сонымен бірге вирус жұқтырған 1,5 мыңнан астам (1125+319+86=1533– QT) адам өмірден өткен. Алайда мұны ең минималды есеп деуге болады. Себебі мамандар министрліктің биыл пневмониямен ауырғандарды қайта қарап, одан вирусты ажыратуды қиынсынған 256 мың кейстің арасында ковидтің барын аксиома ретінде бағалап келеді.
Ресми есеп 103 мыңға жуықтағанына, министр Цойдың екі күнде барлық халықаралық ресурстарға жариялауға уәде еткеніне қарамастан, Worldometers, Д.Хопкинс университетінің және ДДСҰ сияқты әлемдегі негізігі дерекқорларда тек зертханада нақтыланған коронавирус жағдайы ғана көрсетілген.
(ақпарат толықтырылды)