Әлем елдері коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты, қатаң карантинге қайтадан көше бастады. Шолу жасап көрелік.
Италияда төтенше жағдай режимі 31 қазанға дейін ұзартылуы мүмкін. Індетке қатысты ахуалға орай Италия Үкіметі төтенше жағдайды созу мәселесін қарастыруда.
Ұлыбританияда жаңа ереже бойынша жергілікті халық қоғамдық көлікке мінгенде немесе ауруханаларға барғанда ғана маска киюге міндеттелді. Себебі елдегі ахуал нашарлаған.
Иран президенті Хасан Рухани ел коронавирустың екінші толқынын бастан кешіп жатқанын мәлімдеді. Ел астанасы Теһранда карантин жеті күнге ұзартылды. Университеттер, мектептер, кітапханалар, сұлулық салондары, мешіттер, кинотеатрлар, театрлар мен мұражайлар жабылды. Барлық мәдени-көңіл көтеру және діни шаралар уақытша тоқтатылды.
Американың Калифорния штатында барлық мейрамхана, көңіл көтеру орындары, хайуанаттар бағы мен мұражайлар жабылды.
Гонконгта тұрғындарға әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы шешім ұйғарылды. Ашылғанына бір ай болған «Диснейленд» тағы да жабылды.
Аустралияның 5 млн жуық тұрғыны бар Мельбурн қаласы алты апталық карантинде. Қала орналасқан Виктория штаты көршілес Жаңа Оңтүстік Уэльс және Оңтүстік Аустралия штаттарымен шекараларын жапты.
Бразилияда карантин талаптарын сақтау міндеттелді. Қазір дүниежүзілік тізімде науқастар саны бойынша алғашқы үштіктегі Бразилияда қауіпті дертке шалдыққан тұрғындардың саны 2 млн-нан асты. 75 мыңнан астам адам вирустың құрбаны болды. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, өткен тәуліктің өзінде COVID-19-дан 1200 адам көз жұмып, 40 мыңнан астамы коронавирус жұқтырды. Аймақта медициналық құрал-жабдықтар мен дәрігерлер тапшы.
Мороккода Танжерқаласында карантин енгізілді. Оңтүстік Африка Республикасында коменданттық сағат жүріп жатыр. Колумбия астанасы Боготаның кейбір аудандарында екі апталық карантин енгізілген.