АҚШ алғаш рет Қытайдың Оңтүстік қытай теңізінің егемендік құқығына қатысты көптеген талаптарынан ашық бас тартты. Өкілдер палатасы мен Конгрестің сыртқы істер комитеті, екі ірі партияның жетекшілері Құрама Штаттың Оңтүстік қытай теңізінің иелік құқығына қатысты екіұшты саясатты тоқтатуын құптаған.
Бұған дейін Құрама Штаттар Оңтүстік қытай теңізіндегі даулы мәселелерді сол аймақтағы елдердің өзара келісу, түсінісу және халықаралық заң-ережелерге сай шешуін қолдаған. Былайша айтқанда, Оңтүстік қытай теңізінде Қытай тарабының да мүдделері өзге елдермен теңдей ескерілуін де қолдаған. Дүйсенбіде АҚШ Сенаты мен Өкілдер палатасының екі ірі саяси партиясының жетекшілері бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекеттік хатшы Помпео АҚШ-тың Оңтүстік Қытай теңізіндегі нақты саясатын жариялады және бұл шешімнің «толық қолдау тапқанын» жеткізді.
АҚШ мем. хатшысы Майкл Помпео Бейжіңнің Оңтүстік қытай теңізіндегі ұстанымдары мен әрекеттерінің бәрі дерлік халықаралық заңға қайшы деп айыптады. Ол 2016 жылы халықаралық сот төрелегі бойынша Қытайдың аталған аймақтағы әрекеттері басқыншылық ретінде саналатынын ескертті.
Құрама Штаттардың Оңтүстік қытай теңізіне қатысты жаңа саясаты Бейжіңді елең еткізді. Қытай тарабы да сол күні бұған жауап ретінде мәлімдеме жасады. Жауапты ең алдымен Қытайдың АҚШ-тағы бас елшілігі жасады. Елшілік жауабында: «АҚШ Оңтүстік қытай теңізіндегі мүдделі тарап болып саналмайды, бірақ бұл мәселеге жиі араласып отыр», – делінген. Сондай-ақ, АҚШ-ты өңірдегі бейбітшілікті бұзушы болмауға шақырған.
Оңтүстік қытай теңізі мәселесі Қытай үшін ең даулы мәселелердің бірі, Қытай аталған теңіздің басым көп бөлігі өзінің территориялық иелігі деп санайды. АҚШ Қытайдың бұл ұстанымында аталған теңізге шектесетін басқа елдердің мүдделеріне нұқсан келген деп есептейді. Халықаралық маңызды су жолдарының бірі бұл аймақ ҚХР құрылғаннан бері даулы теңіз аймағы ретінде белгілі болған.