Қазіргі эпидемия жағдайының шынайы картинасы мен күзге болжам қандай? Сарапшы дәрігер Қайырғали Көнеевтің пікірі. 

Қазақстандағы коронавирус жұқтырғандардың жиынтық есебі 32 мыңға жуықтап, өңірлердегі ауруханалар осы ауруға ұқсас белгілермен келіп түскен науқастарға толып, дәріханаларда ұзын сонар кезек пайда болған тұста денсаулық сақтау министрі ауысты. Осыған дейін COVID-19 вирусын жұқтырған экс-министр Елжан Біртанов орнынан кетіп, оған Алексей Цой тағайындалды.

Дерт өршіп, ел үрейге беріле бастады. Осыған байланысты медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеевтен бірқатар сауалдарға жауап алып едік.

– Пневмонияның бактериалды және вирустық түрлері болады. Дегенмен қазір пневмонияның кезеңі емес, қыс кезі болса бір сәрі. Күн ыстық, жазда болғандықтан қазір жүріп жатқан ауру көбіне зерттелмеген коронавирус, – дейді Көнеев.

Сарапшы дәрігер «науқастардың саны өсіп кетпес үшін билік тестті әдейі тежеп, кешеуілдетіп отыр» деп санайды. Оның сөзінше, министрлік жағдайды бақылаудан шығарып алған.

М.ғ.к., дәрігер Қайырғли Көнеев. Фото: altamed.kz

– Министрлік наурыздан бері әртүрлі көлемде қашықтан жұмыс істеуге ауысты. Ал қазір түгел дерлігі үйде. Бұлай болмайды, бұл дұрыс емес. Мұндай қауырт шақта ведомство бассауғаламай, халықпен бірге болуы шарт. Министрліктегілер санитарлық сақтық нормасын қатаң сақтап, бетперде және обаға қарсы қорғаныш киімімен толық штатта жұмысқа шықсын. Ресурс жетеді, тек медицина саласы басқарусыз қалып қойды. Дереу жағдайды қолға алу керек. Министрлік қызметкерлері қайта жұмысқа шықпайынша, жағдай жақсармайды. Бұл – мемлекеттік саясаттағы қателік, – дейді ол.

Дәрігер алаңдайтын негізгі мәселенің бірі науқастарды клиникалық белгісі бар-жоғына қарай бөлу амалы. Оның пікірінше, бұл «статистиканы манипуляциялау». «Негізінен кез келген ауруда симптомсыз-симптомды бәрі бірге қосып есептеледі» дейді.

«Қазақстанда хаос жағдай орнады, ал министрлік паникада» деген дәрігер министрлік өз жұмысына толығымен оралмайынша, алдағы уақытта қиындай түсетінін айтады.

– Меніңше, елдегі коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны ресми нұсқадағыдай 32 мың (19 285-і – «симптомы бар» науқас, 12 677-і – «симптомы жоқ» тасымалдаушы) емес, 100 мыңнан асқан. Тіпті шынайы картина 150 мыңнан көп болуы әбден мүмкін. Осы қарқында жалғаса берсе, тамыздан кейін миллионға тақайды, – деген жеке болжамын бөлісті.

Салдары ауыр деректің іске аспасы үшін бірқатар қажетті қадамға бару керек. Маман «біріншіден, вирусқа қарсы тиімді шараларды қолға алған абзал: халыққа тегін бетперде таратып, жаппай тегін тестілеу керек» дейді. Екіншіден, диагностикалауды күшейту қажет екен. Дәрегер министрліктің тестілеу мен емдеу міндетін кейбір атаулы клиникаларға теліп-меншіктеп беруіне наразы. Ол мұны биліктің лоббиі деп есептейді. Айтуынша «клиникаларды алаламай бәріне мүмкіндік беріп, бәсекеге жол ашу керек». Сондай-ақ біраз уақытқа дейін бұқаралық-көпшілік шараларды тоқтату керек.

Денсаулық сақтау министрлігі үйден жұмыс істеп жатқан тұста поликлиника терапевт-дәрігерлерінің қызметі де үйге ауысты. Дәрігер бұған түпкілікті қарсы. Ол қайсыбір науқасты көзбе-көз көріп-білмей, қолымен ұстап көрмей, тыныс алу екпінін тыңдамай жағдайын нақты-тура бағалау мүмкін еместігін айтады.

Айтпақтай, невролог маман Еуропа мен Қытай дәрігерлерінің зерттеуіне сілтей отырып, симптомды науқастар ауруынан айыққан соң да қайта ауруы мүмкін, бірақ мұның сирек жағдай екенін айтады. Ал симптомсыз тасымалдаушылардың қайта ауру тәуекелі жоғары көрінеді.

Адам құқықтары жиі бұзылатын, мейілінше жабық елдер Қытай мен Ресейдің ізін ала  Қазақстан да мемлекеттік және халықаралық дерек ресурстарына тек симптомдары байқалатын науқастардың есебін өткізіп келеді. Бүгінгі таңда ресми мәлімет бойынша, елде ауру белгісі байқалатын науқастардың саны 19285-ке, ал симптомсыз тасымалдаушылар қатары 12 мыңға жеткен.

“The Qazaq Times”