Covid-19 індетін жұқтырушылардың саны артуына байланысты енді демалыс күндері Астана мен Алматы қалаларында карантин шаралары күшейтіледі.
Алматыда вирустың таралуын ауыздықтау үшін енгізілген шектеу шараларына байланысты полицияның кезекшілігі күшейтілген режимге көшті.
Полиция парктер,скверлер, жағажайлар мен ойын-сауық орталықтары орналасқан аудандарды жіті бақылауында ұстап отыр.
Карантин шараларының қысқа мерзімдік күшеюіне байланысты Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов «Тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Әр адамның пандемия қаупі мен оның таралу ауқымын түсініп,вируспен күресте өз үлестерін қосқандығы маңызды. Санитарлық және гигиеналық тазалықты сақтауға және медициналық масканы тағып жүруге тағы да шақырамын. Әлеуметтік ара-қашықтықты да сақтауды ұмытпаңыздар» деп мәлімдеме жасады.
Ал, Астана қаласында полицейлер күшейтілген режиде жұмыс істеп, тұрғындарды дауыс күшейткіш арқылы вирустан қорғану шараларын сақтауға шақырып жүр.
Ведомствоаралық комиссия Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін демалыс күндерінде қосымша шектеу шараларын енгізген болатын.