Жексенбіде халықаралық ықпалды ақпарат агенттіктері АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы үш бірдей алып кемесі мен оның шабуылшы және жойғыш кемелер қосынының Үнді-Тынық мұхитында жүзіп жүргенін жарыса жазды. АҚШ-тың жоғары соғыс қуатына ие бұндай кемелер қосынының Қытайға жақын теңіз суларына бір уақытта жиналуы тым сирек болады.
Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-Қытай шиеленісі кезінде бұл қадам Қытайға әскери ескерту қатарында қабылданады және АҚШ теңіз күштерінің эпидемияның зардаптарына қарсы тұра алғанын білдіреді. АҚШ-тың күшті әскери ескертуі АҚШ-Қытай қатынасы бірнеше факторларға байланысты шиеленісіп жатқан тұста жасалып отыр. Бұл туралы көпшілікке белгілі, қысқаша айтқанда коронавирусқа байланысты дау мен Гонконг мәселесі.
Екі мәселе бойынша да Бейжің мен Уашингтонның көзқарасы қайшы. Бейжің тарабы коронавирус эмидемиясының таралуына қатысты халықаралық тексерістен бас тартты. Ал, Гонконг ісін Қытайдың егемендік ішіндегі мәселесі, оған АҚШ-тың араласу құқығы жоқ деп мәлімдеген.
Associated Press агенттігі АҚШ-тың өзге де ондаған кемесі аталған аймақта жүргенін хабарларды. Құрама Штаттардың аймақтағы әскери қолбасшыларының мәліметінше, бұл аймақтың тұрақтылығы мен ондағы одақтастарына деген АҚШ тарабының жауапкершілігін көрсетеді.
«Ассошиэйтед Пресске» берген сұхбатында АҚШ Үнді-Тынық мұхиты қолбасшылығының операциялар жөніндегі директоры генерал-майор Стивен Киелер әскери күшті әйгілеу – бұл кезекті әрекеттің бір бөлігі ғана екенін, АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы кемелері мен оның соққы беру тобының жинақталуы күшті соғыс қуатын да әйгілейтінін ескертті.