Америка енді өзге елдердегі әскери қақтығыстарға араласпайды. «Вест-Пойнт» әскери академиясының түлектері алдында ел президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді.
Трамп сөзінде : «АҚШ үшін шексіз соғыстар заманы аяқталды. Америка бұдан былай өзге елдердегі әскери қақтығыстарға араласып, оларды реттеумен айналыспайды. Ешкімге жөнсіз ұрынбайды. Соққы бермейді, соқтықпайды», – деді. Бұған дейін Ақ үй басшысы Германиядан 9 мыңнан астам жауынгерін шығаратыны туралы айтқан. Ресми Берлин Трамптың мәлімдемесін сынға алды.
Сонымен қатар жиында Дональд Трамп: «Біз түбі жоқ соғыс түсінігіне балта шауып, қақтығыстар кезеңін аяқтаймыз. АҚШ бұдан былай тек өз мүддесін қорғайды. Ешкімнің ісіне араласпаймыз. Мейлінше өз шебімізді қорғаумен айналысамыз. АҚШ әскері кісі баласы біле бермейтін, ел естімеген шалғайдағы қақтығыстарға бас сұқпауы тиіс. Өзгенің мәселесін шешу енді біздің іс болмауы керек. Бәрін тәртіпке шақыратын әлем полициясы секілденген мемлекет емеспіз. Бірақ бізге соқтыққандарды аямаймыз», – деді.