Франция президенті Эммануэль Макрон өткен жұмада (5 маусым) Қытай басшысы Ши Жинпиңмен телефон арқылы сөйлесіп, Гонконг мәселесіне қатысты Францияның ұстанымын жеткізген. Франция президент сарайының ресми өкілі бұл туралы сенбі күні "Рейтер" агенттігіне берген мәлімдемесінде айтқан. 

Гонконгтың еркіндігі туралы әлемде алаңдаушылық күшейіп тұрған тұста Франция мен Қытай басшылары телефон арқылы бір жарым сағаттан астам уақыт сөйлескен. Президент Макрон сөйлесу кезінде Гонконг мәселесіне баса назар аударып отырғанын жеткізген. Сондай-ақ, Қытай үкіметін "Бір ел, екі жүйе" принципін жалғасты сақтауға шақырған. Бұл мәліметті "Рейтер" агенттігі  Елисей сарайының қызметкерінің мәліметіне сілтеме жасай отырып хабарлаған. Алайда,  Елисей сарайының ресми мәлімдемесінде екі ел басшысының сөйлесуі туралы айтылғанымен, Гонконг тақырыбының талқыға түскені туралы еш мәлімет берілген жоқ. 

Бейжің билігінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жаңа заң жобасына қатысты шешімі,  Гонконг пен Тайуан (Тайвань) қана емес, әлем елдерінде түрлі сынға ұшырады. Бірқатар ел биліні Қытайдың жаңа заң жобасы Гонконгтың ерекше автономиялы аймақ ретіндегі құқығын шектеп, әлемдік маңызды қаржы орталығы статусына нұқсан келтіреді деп алаңдайды.

Қытайдың ағылшын тіліндегі ықпалды басылымы Global Times аталмыш заң жобасын Гонконг құқығын шектеудің орнына, ондағы дағдарысты шешудің, тәртіпсіздіктерді ретке келтіріп, жарасымды қоғам құрудың алғы шарты ретінде көрсеткісі келеді. Аталған басылымның айтуынша жаңа заң жобасы керісінше "Бір ел, екі жүйе" принципін нығайта түседі екен. Бірақ, Тайуан мен Гонконгтың өзінде жаңа заңға деген қарсылық, наразылық күшейіп тұр. Бұдан бұрын Британия премьері Борис Жонсон да Гонконг мәселесінде Бейжіңнің өз міндеттерін толық өтеуін талап етіп, мәлімдеме жасаған еді. 

Айта кетуге тура келеді, Елисей сарайының баспасөз қызметі жасаған мәлімдемеде, Франция мен Қытай басшылары екі ел қатынасынан тартып, коронавирус пандемиясына қарсы күрес жөнінде талқылаған. Бұл ретте екі ел басшысы ДДҰ-ның маңыздылығы туралы да пікір алмасқан. Тараптар АҚШ президентінің денсаулық сақтау ұйымы туралы пікіріне келіспейтіндерін де жеткізген. Естеріңізде болса, бұдан бұрын АҚШ президенті пандемия кезіндегі ДДҰ-ның қызметтерін сынға алып, аталмыш ұйымнан шығатынын да ескерткен.

“The Qazaq Times”