Бүгін Қазақстанның бірқатар қалаларында митинг өтеді деген күні полиция белсенділерді күшпен ұстап жатыр.
Оқиға орнында жүрген тілшілеріміздің хабарлауынша, Алматыдағы Абай-Назарбаев көшелерінің қиылысында шамамен 150-ге тарта адам жиналған. 15 шақты адамды полиция ұстап әкетті. Ұсталғандар қатарында азаматтық белсенді Ася Тулесова да бар. Шеруге шыққандар «Назарбаев жүйесі құрысын!», «Жер сатылмасын!», «Нұр Отан партиясы таратылсын!» деп айқайлады. Жаппай ұсталулар астанада да жалғасып жатыр.
Алматыдағы Абай алаңы маңына жиналған наразы жұртпен тілдесу мақсатында әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Данияр Әлкебайұлы мен Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов келді. Шамамен сағат 11.25-те Демпартия көшбасшысы Жанболат Мамай да наразы топ қатарына қосылды. Белгілі журналист Ермұрат Бәпи де шеруге шыққан.
Митингке қатысушының бірі: «Бүгінгі біз билікке өз талаптарымызды айтуға келдік. Билікте отырған ескі жүйені қолдаушы шалдар орнынан кетсін. 80-90 жасқа келіп, әлі ел басқарып отыр. Халықта бар мәселе, уайым-қайғы оларда жоқ. Енді жастарға орын берсін», – дейді.
6 маусым таңертеңнен бері Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінен жоғары қарай жаяу жүргіншілер қозғалысы шектелді. Сонымен қатар Абай мен Назарбаев, Құрманғазы мен Қонаев қиылысына бекеттер қойылған. Оппозиция митингілерінің дәстүрлі орнына айналған «Астана» жабылды. Аталған жерде де полицейлер мен автозактар тұр.
Бүгін Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің тапсырмасымен қалада адамдар көп жиналатын орындарды дезинфекциялау жұмыстары басталған. Бір қызығы, бұл шара «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жоспарлаған митинг күнімен қатар келіп отыр.
Үш айға созылған карантиннен кейін алғаш рет митинг жоспарланып отыр. Соңғы рет 1 наурызда Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер ұйымдастырмақ болған митингі орнына жақындағандарды да полиция жаппай алып кеткен.