Үндістан қытайлық бағдарламаларды анықтап беретін жаңа бағдарлама жасап шығарды. Андроид жүйесіндегі зерделі телефондарға арналған бағдарлама Қытайда жасалған немесе меншік құқығы қытайлықтарға тиесілі болған бағдарламаларды анықтап, оларды ұялы телефоннан тазартуға кеңес береді.

Бағдарлама Remove China Apps service деп аталады. Үндістандағы бұл жаңалық үнді-қытай шекаралық жанжалынан кейін жарыққа шықты. Мамыр айында Қытай мен Үндістанның ондаған шекарашылары арасында жанжал болып 4 үндістандық, 7 қытайлық шекара әскері жарақат алған болатын. Бұланай (Гималай) тауларындағы және Памир үстірті, Кашмир маңы, Тибет үстіртіндегі үнді-қытай шекарасында әлі де шешім таппаған шекаралық даулар бар.

Шекаралық жанжалдан кейін аталған программаны миллиондаған үндістандық телефондарына жүктеген. Қытайлық бағдарламаларға қарсы бұл арнайы бағдарлама TikTok пен Zoom бағдарламаларын да өшіруге кеңес береді. Себебі, Zoom Калифорнияда жасалып шыққанымен оны қытайлық кәсіпкер ойлап тапқан, ал TikTok бағдарламасына Бейжіңде орналасқан  Bytedance компаниясы иелік етеді. Қазір, Үндістандағы әлеуметтік желілерде TikTok пен Zoom бағдарламаларын жойып, оның орнына отандық немесе өзге шетелдік баламаларын қолдану туралы пікірталастар болып жатыр.

Мәселе тек қана шекара дауында емес. Әлеуметтанушылардың пікіріне сенсек, жаңа коронавирус пандемиясы әлемде синофобияны өршітіп, әлем мен Қытай қарым-қатынасын әшкерелеп берген. Індет жайылғалы бері әлемде онсызда көп уақыттан бері біртіндеп асқынып келе жатқан синофобия тіптен күш алды. Қытай әлемде синофобияның күшейіп келе жатқанын сезеді және оған қарсы шаралар қолданған болады. Соңғы айларда Қытайдың мемлекеттік ақпарат агенттіктері ықпалды ағылшын тілді басылымды сынға алып, олар "расизм мен дискриминацияға" жол беріп отыр деп айыптаған хабарлар таратты.

“The Qazaq Times”