Пандемия жағадан алған тұста АҚШ-тың бірнеше қаласындағы «азаматтық соғыспен» пара-пар ірі наразылық шерулері күн санап өршіп барады. Шерулерді басу мақсатында ұлттық гвардия жұмылдырылып, 40 қалада коменданттық сағат енгізілгенмен, қақтығыстарды тоқтату мүмкін болмай тұр. Тегі африкалық Джордж Флойдтың қазасынан кейін басталған дүмпу нәсілдік теңсіздіктің әлем үшін ауқымды мәселе екенін кезекті мәрте дәлелдей түскендей. Дегенмен, бұл жағдайдан саяси астар іздегендер де баршылық.
Оқиғаның басталуы
25 мамырда Миннеаполис қаласында 46 жастағы Джордж Флойд полицей өкілдерінің көз алдында жан тапсырған. Дүкен кассирі марқұм жалған банкнотпен есеп айырыспақ болды деген уәжбен полиция шақырады. Артынша оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салғаннан кейін офицерлердің бірі оның желкесін аяғымен 7 минуттай басып тұрған. Дауысы қарлыққан афроамерикалық өзінің дем ала алмай жатқанын айтады, бірақ оған полицейлер құлақ аспаған. Осыдан кейін «Мен тұншығып қалдым!» тіркесі шерудің басты ұранына айналды.
29 мамырда Миннесотада Джордж Флойдың өліміне тікелей қатысы бар деп айыпталған бұрынғы полицей Дерек Шовин тұтқындалды. Куәгерлер түсірген видеокадрды сараптаған мамандардың айтуынша, Дерек Шовин Джордж Флойдтың «демала алмай жатырмын» дегеніне қарамастан мойнын қысып ұстап бірнеше минут босатпаған. Бұл ақпарат қоғам арасында қызу талқыға түсіп, бірнеше сағаттың ішінде жұрт көшеге шыға бастады. Жергілікті полицейлердің Флойдты тұтқындап жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, артынан оның қайтыс болғаны белгілі болған соң Миннеаполис пен басқа да қалаларды жаппай ереуілдер шарпыды.
Бастапқыда Флойд ауруханада қайтыс болды деп айтылды, кейінірек ауруханаға бара жатқан кезде көз жұмғаны хабарланды. Оны жедел жәрдем көлігіне көтеріп жатқызған кезде өлімалды халде болған.
Джордж Флойд өліміне ұқсас жағдай 2014 жылы орын алған. Сол жылы 17 шілдеде Нью-Йоркте ақ нәсілді полиция қызметкері Даниэль Панталео қара нәсілді Эрик Гарнерді ұстау кезінде тұншықтыру әдісін қолданған. полицияның қара нәсілділерге көрсеткен зорлық-зомбылығына қарсы күресінде «Мен тұншығып қалдым» сөзі жаппай ұранға айналды.
Абсолютті хаос: Нью-Йорктен Калифорнияға дейін
Миннеаполисте басталған наразылық шерулері Американың отыздан астам қаласында жалғасын тапты. 27 мамырда Black Lives Matter (Қаралардың да өмірі маңызды) қозғалысының жақтаушылары қала көшелеріне шықты. 30 мамырда ондаған қалада тұрғындар биліктен расизмді тоқтатуды талап етті. Шерулер полиция мен наразы топ арасындағы қақтығыстарға ұласып, 4100-ден астам адам қамауға алынды. Наразылар дүкен, сауда орындарын тонап, көліктерді өртеген. Ереуіл болған жерлердің астан кестеңі шықты. Наразылар жолдағының бәрін жайпап, қиратып жатыр. Сауда орталықтары мен кеңселер өртенген. Толқулардың салдарынан өткен түнде 30 тәртіп сақшысы жарақат алып ауруханаға түсті.
31 мамырда шерушілер Ақ үй алдына жиналды. Резиденцияның адында жиналғандарды тарату үшін полиция шоқпармен күш қолдануға мәжбүр болған. Жаппай наразылық шерулерінен кейін Миннеаполис, Уашингтон, Лос-Анджелес, Майами, Портленд, Сан-Франциско, Чикаго, Атланта, Индианаолис, Филадельфия және өзге де қалаларда төтенше жағдай режимі енгізілді.
Миннесота губернаторы Том Уолл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет Ұлттық гвардияның толық мобилизациясын жариялады. Бірқатар штаттарда полиция наразылық білдірушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолданды. Елде 1300-ден астам адам наразылық акциясы кезінде қолға түсті.
Жұма таңертең Миннеаполистегі наразылықтан хабар таратқан CNN тілшілерін полиция ұстап, кейінірек босатқан. Мәселеге Миннесота штатының губернаторы араласып, журналистердің оқиғадан хабар таратуға құқығы бар екенін айтқан.
Детройтта (Мичиган штаты) белгісіз адам наразылық кезінде оқ атып, 19 жасар жасөспірім қаза тапқан. Полиция тәртіпсіздік орнатқан 40-тан астам адамды тұтқындады.
Хьюстонда (Техас штаты) 200-ге жуық адам қамалды. Төрт полицей жарақаттанып, автокөліктер өртелген. Лос-Анджелесте құқық қорғау органдарының екі қызметкері жарақат алды.
Портленд қаласында (Орегон штаты) наразылық білдірушілер сот ғимаратын өртеп жіберді. Қала көшелерінде атыс орын алды. Ал Нью-Йоркте наразылық орталықтарының біріне айналған Бруклинде тұрғындар полициямен қақтығысты.
Альбукерке (Нью-Мексико штаты) құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қақтығыстан кейін төрт адам ұсталды. Сол жерде полицейлер Көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды.
Милуоки (Висконсин штаты) манифестанттар тас жолды жауып, «Мен тұншығып қалдым!» деп ұрандатты.
Елдегі жағдайды жіті қадағалап отырған АҚШ президенті Дональд Трамп қала басшылығын жағдайды бақылауда ұстай алмады деп айыптады. Трамп бұған дейін Флойд отбасына көңіл айтып, әділет министрлігінен Флойд өлімін зерттеуді жылдамдатуды сұраған.
Бүгін әріптестерінің әрекетінен кейін Флорида штатында полиция қызметкерлері халықтан тізерлеп кешірім сұрады.
Наразылық шерулері Америкада ғана емес, Берлин мен Лондонда да өтті. Трафалгар алаңындағы наразылық акциясына қатысушылар «әділдік пен бейбітшілік жоқ» деп ұрандап, парламент ғимаратының маңынан өтті. Наразылық акциясы АҚШ елшілігінің алдында аяқталды. Берлиндегі АҚШ елшілігінің алдында өткен шеруге 2 мыңға жуық адам қатысты. Олар «Джордж Флойдқа әділ сот үкімі шықсын!», «Бізді өлтіру доғарылсын!» деген жазуы бар баннерлерді ұстап шықты.
Теңсіздік дауы немесе саяси мәселе
1964 жылдан бері АҚШ билігі нәсілшілдік, ұлттық бөліну, гендерлік теңсіздікке қарсы бірнеше заң қабылдаған. 2008 жылы Америкада Барак Обама президент болып сайланғанда «нәсілдік бөліну» кезеңі аяқталғаны туралы пікір кең тарады. Ең алғаш афроамерикалықтың Ақ үй басшысы болуы нәсілдік теңсіздікке тосқауыл болады деп есептегендер саны артты. Обама билік еткен уақытта ақ пен қара нәсілділердің теңдігіне сенетін афроамерикалықтардың саны 76%-дан 64%-ға дейін азайған. Алайда барлық мемлекетте негізгі мәселе саналатын тап пен нәсіл теңсіздігі өркениетті Америкада әлі де бар.
АҚШ статистикалық орталық бюросы талдаған деректер кедей афроамерикалықтардың саны соңғы 50 жылда азайғанын көрсетті. Ал New York Times мәліметінше, 2009-2019 жылдар аралығында полицейлерден жапа шеккендердің 60%-ы қара нәсілділер. Табысы, тұрғын үйі, жұмыспен қамтылуы, білімі мен өмір сүру ұзақтығы сияқты санаттар бойынша да олар ақ нәсілді отандастарынан әлі де көш кейін қалып отыр. Сонымен қатар Құрама Штат түрмелерінде қара нәсілділер пайызының көптігі және афроамерикалықтардың кедей аудандарда өмір сүретіні жасырын емес. Осы ретте сарапшылар «қанша жерден өркениет кезеңінде өмір сүрсек те, халықтар арасындағы дискриминация түп-тамырымен жойылмайды» дегенді алға тартады. The Washington Post шолушысы Юджин Робинсон: «Нәсілшілдік заманы келмеске кетті деген пікір – бос сөз. Бұған тек аңқаулар сенеді, өзгелер әдейі айтады. Өкінішке қарай, оның себебін өздеріңіз көріп отырсыздар», – дейді.
Бір қызығы, кей сарапшылар бұл мәселенің саяси астары бар деп есептейді. Рэдфорд университетінің профессоры Грегори Йоффенің айтуынша, қара нәсілділерге қырын қарайтын, наразылыққа шықпаған тұрғындар қарашада өтетін сайлау кезінде Дональд Трампқа дауыс береді. Ал нәсілшілдікке қарсы шыққандар Трамптың сайлаудағы қарсыласы Байденге қолдау көрсетеді. Себебі Джордж Флойд қазасынан кейін Байден елдегі «бітпес дауға нүкте қою» жайында сөз қозғаған. Ал АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың (2009-2017) Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Сьюзан Райс Миннеаполистегі тәртіпсіздіктер «Ресей әдістемесі» бойынша мақсатты түрде ұйымдастырылуы мүмкін дейді. Fox news-ке берген сұхбатында ол: «Бұл жайттың артында Ресей тұрғанына күмән келтірмеймін. Егер расымен солай болса, таңқалмас та едім. Сайлау ісіне араласқан Ресей әлеуметтік желі арқылы халықты жаппай наразылыққа шақырып, үндеген болуы да мүмкін», – дейді.