Аты өшкір жаман індеттің атын атамайық десек те, жақын уақыттардағы ел іші мен сыртындағы саяси-экономикалық мәселелердің көбі дерлік сонымен қатысты болып отыр. Соңғы кездегі АҚШ-Қытай қатынасы да, нақтырақ айтқанда екі ел арасындағы қайшылық та індет себебінен өршіп кетті. Бейжің билігі коронавирус пандемиясына байланысты АҚШ-тың Қытайға қарсы қысымына тым қатаң айыптау сөздерімен жауап беруде. Әлемді жайлаған індет үшін АҚШ пен Қытай бір-бірін айыптауын әлі танбай келеді. Біз жасаған дүние әлемі оратық қиыншылықтар кезінде бірлік танытса деп үміттенеріміз анық, өкінішке орай мүдде бар жерде және сол мүдделер қайшы болған кезде бұл мүмкін болмай отыр.
Қытай Коммунистік партиясының үгіт-насихатын жүргізетін мемлекеттік ақпарат құралдарының көбі АҚШ-қа қарсы жауаптарында «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатыр десек те болатындай. Соның арасында «зұлым», «психикалық ауытқу», «ар-ұяттан безген» деген ауыр сөздер де кездеседі. Анығын айтқанда, кезектескен айыптаулар екі ел қарым-қатынасын ең сорақы деңгейге алып барды. Тараптардың бұл әрекеті жаңа қырғи-қабақ соғысына апарады деген болжамдар да жоқ емес.
АҚШ пен оның одақтастары Қытайдың экономикалық, дипломатиялық және әскери күшінің артуынан бұрыннан бері қауіптеніп келген еді. Қазіргі мәлімдемлері мен іс-қимылының шекбері бұл күдік пен күмәнді күшейтіп жіберді. Сарапшылар, Қытайдың бұл агрессивті әрекеттері өзіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Себебі, Қытай әлемнің өндіріс ошағы бола тұра экономикасы тікелей сыртқы экспортқа көбірек тәуелді. Агрессивті айыптаулар оның халықаралық беделін тіпті де төмендетіп жатқаны белгілі.
Біз АҚШ-Қытай арасындағы қайшылықтың тек қана диполоматиялық тірес емес екенін анықтай айтқымыз келеді. Екі ел арасындағы теке-тірес саяси үгіт-насихаттар тартып сауда-экономика, тыңшылық әрекеттерді қамтыған барлау істері, ғылым-технолония бәсекелестігі және әскери-қорғаныс шараларымен өзге де әрекеттерді қамтып отыр. Өткен жексенбі күні АҚШ президенті Fox News арнасына берген сұхбатында: «Біз барлық қарым-қатынасты тоқтата аламыз», – деді. Осының өзі-ақ екі ел қайшылығының қай деңгейге барғанын көрсетіп тұр.
Ақпарат құралдарында жария болған сарапшылардың АҚШ-Қытай қатынасына берген пікірлерін ортақастырсақ, әлемдік пандемиядан кейін халықаралық қатынастардың жаңа көрінісі пайда болуы мүмкін. Ал, АҚШ пен Қытай арасында сауда, технология, Оңтүстік Қытай теңізі және Тайуан мәселелері ең үлкен қайшылық көздеріне айналмақ.